$ 472.57  508.34  5.4

«Құшақтап, алдыма кел дейді»: Түркістанда бұрын сотталған мұғалім оқушы қыздарға тиіскен

Кейбірін бұрышқа тығып қояды. Солармен сөйлесіп тұрады.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Түркістан облысы Қарасу ауылының оқушылары мектептегі дене шынықтыру пәні мұғалімінің үстінен шағым түсірді. Айтуларынша, бұрын сотталған педагог жоғары сыныптың қыздарына қол жүгіртіп, тиісіп, ұлдарды ұрады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

“Алтай ағай дене шынықтыру сабағында бізге тиісіп, азғындайды. Құшақтап, аяғымыздан ұстайды, сипалайды. Біз ата-анамызға айтуға қорқамыз. Құшақтайды, әсіресе, 9-10-сыныптың қыздарына тиіседі. Алдыңнан шығып, “менің алдыма кел” дейді. Кейбірін бұрышқа тығып қояды. Солармен сөйлесіп тұрады”, – деді оқушы қыз.

Мұғалімінің мұндай әрекетін естіген оқушының анасы қызын бірден басқа мектепке ауыстырыпты. Полицияға да арыз жазған келіншек жағдайды соңына дейін апаруға ниетті.

“Енді арызданамын. Бұған дейін білмей келдім. Білсем, бірден полицияға жүгінетін едім. Жұмыстан шығартар едім”, – деді ата-ана Шахиста Жалмұрзаева.

Оқушылардан бөлек оның әріптестері де мұғалімнің боқтық сөздер айтатынын мәлімдеді. Ол жақында орнынан босатылған директордың күйеуі екен.

Қыздарға қол жүгірткен мұғалім ұлдарға жұдырық жұмсайды дейді. Былтыр кеуде тұсынан соққы алған 9-сынып оқушысы медициналық көмекке жүгінген көрінеді. Анықтамасы да бар, бірақ оқиға жылы жабылған.

Ал мұғалімнің оқушыға қол көтергені туралы дерек 2023 жылдың 10 сәуірінде болған. Сайрам ауданының прокуроры Дәулет Тілемісовтың айтуынша, қазір аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігімен “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 

“Ол бұрын 3 жыл 6 айға сотталған. Сондықтан бұл кісіге қаншалықты жұмыс істеуге болатын-болмайтынын құзырлы органдар шешетін шығар. Өйткені сот солай шығарып берген екен”, – деді М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары Маржан Бердімұратова.

Мұғалім мамырда орнынан босатылған директордың күйеуі екен. Әйелінің қызметін пайдаланып, өзге мұғалімдерді сағатынан айырамын деп қорқытыпты.

“Айқайлап, боқтап, қоқан-лоққы көрсетті. “Неге сен шағымданасың” деп бас салып, мектептің алдында жанжал шығарды”, – деді М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Ұлықбек Гүлбаев.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ақысыз еңбек демалысына шығып кеткен екен. Мұғалімнің бұрын жасаған қылмысы балаларға қатысты болмағандықтан, жұмыс істеу мәселесіне кедергі келтірмейді дейді прокурорлар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 3

Серіктес жаңалықтары