Қала әкімі көпшілікке Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, қасиетті Құранды қолымен жазған шейх Осман Тоhәге сый-сыяпат жасады.
Шымкентте ақ мәрмәрмен көмкерілген үлкен мешіт пайдалануға беріліп, алғаш рет жұма намазы оқылды. Оның ашылу салтанатына Құран кітабын 3 жыл бойы қолмен жазып шыққан шейх Осман Тоһә арнайы келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Үлкен мешіт «Нұрсәт» шағынауданындағы әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Мұсылман жұртшылығы құлшылық жасап, дұға ететін орынға Сейітжан қари Есжанұлының есімі берілді, деп жазады kaz.inform.kz.
Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков, дін ғалымдары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты.
Қала әкімі көпшілікке Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, қасиетті Құранды қолымен жазған шейх Осман Тоhәге сый-сыяпат жасады.
Іс-шара соңында Бас мүфти жамағатқа уағыз айтып, жұма намазын өткізді.
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform
Елімізге белгілі ұстаз, исламтанушы, Құраннан бес қырағат иесі, хафиз Ерсін Әміре аталған мешіттің бас имамы болып бекітілді.
Рухани орталық алаңының жалпы аумағы - 12 гектар. Ғимарат алаңы - 47 мың м². Нысанның сейсмотөзімділігі - 7-9 балл. Ал мұнара биіктігі 63 метрге жетеді. Мешіттің бас күмбезінің биіктігі - 56 метр, диаметрі - 45 метр.
Мешіт ғимаратында бір мезетте 12 мыңға жуық мінәжәт етуші құлшылық жасауға мүмкіндік бар.
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform
Ал кіреберіс алаңда бірден 10 мыңға жуық келуші жинала алады.
Ерекше атап өтерлігі, мұнда қолайсыз ауа райынан қорғану үшін автоматты түрде ашылатын қолшатырлар жүйесі де қарастырылған. Мешіт ұлттық нақышпен үйлестіріле отырып классикалық ислам стилінде безендірілген.
Мешітте ерлер мен әйелдерге арналға мінәжат ету орны бар. Сонымен қатар 600 орынға арналған ас беру залы орналасқан. 1100 адамға арналған конференц-залы, 100 орынға арналған неке қию залы, 428 орынға арналған кіші дәрет алу орны бар.
Мешіт кешенінде ислам тарихының мұражайы, әйелдерге арналған оқу орны, медресе, кітап оқитын залы бар кітапханалар орналасқан. Сонымен қатар әкімшілік бөлмелер, телеорталық, фитнес орталық пен асхана да қарастырылған. 736 орынға арналған жерасты паркингі де жұмыс істеп тұр. Мешіт айналасында жасыл бақтар мен саябақ аллеясы орналасқан. Көгалдандырудың жалпы аумағы — 4 гектар.
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform
Мешіт құрылысының идеясын ұсынушы - «САУТС-ОЙЛ» компаниясының басшысы Серікжан Сейітжанұлы.
Сейітжан қари Есжанұлы атындағы үлкен мешітке Серікжан Сейітжанұлының әкесінің аты берілген.
Айта кетейік, Сейтжановтар әулеті Forbes.kz тізіміне енген ең бай 75 қазақстандықтың ішінде 20-орында.