Мамандардың болжамынша, республиканың қалған бөлігінде маусымда ылғал нормаға жақын болады.
Жаздың бірінші айы Қазақстанның бірқатар өңірлерінде құрғақ болады. Бүгін "Қазгидромет" мамандары маусым айындағы атмосфералық құрғақшылық болжамын жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Қазақстанда жаздың басы 2006 жылдың маусым айына ұқсас болады. Алдын ала болжам бойынша, маусымда Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде ауа райы нормадан 1-2 градус жоғары болады. Бұл – қалыпты жағдай", – деді "Қазгидрометтің" ұзақ мерзімді ауа райын болжау бөлімінің басшысы Жұлдыз Исабекова Астанада өткен брифингте.
Орталық, солтүстік және шығыс Қазақстанда ауа температурасы 22-25 градустан 30-38 градусқа дейін ауытқиды. Оңтүстікте және оңтүстік-батыста 25-30-дан 35-39 градусқа дейін артады.
"40 градус деп айта алмаймын, өйткені біз мамыр айында температура 40-қа жетуі мүмкін деген едік. Бірақ температура оңтүстікте 33-34 градусқа дейін, солтүстікте 28 градусқа дейін көтерілді. Сондықтан жаз өте ыстық болмайды", – деді маман.
Ұйым қазір тек алдын ала болжамдарды бергенін, олар нақтыланатынын атап өтті. Шілде айының болжамы 15 маусымда, ал тамызға арналған болжам 15 шілдеде жарияланады.
"Қазгидрометтің" болжауынша, маусым айында Қазақстанда жалпы ылғал деңгейі ұзақ мерзімді мәндерге жақын болады деп болжанған.
Сонымен қатар атмосфералық құрғақшылық Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында, Маңғыстау облысының Маңғыстау және Қазтал аудандарында, Қарағанды облысының Шет ауданында болады деп болжанды.
Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданы мен Павлодар облысының Успен ауданында және Павлодарда қалыпты ылғалды болады.
Мамандардың болжамынша, республиканың қалған бөлігінде маусымда ылғал нормаға жақын болады.