$ 494.87  520.65  4.91

Маңғыстау облысында төбелес шығарған түлектердің ата-аналары кешірім сұрады

Сонымен қатар, Маңғыстау облысында соңғы қоңырау салтанатынан кейін кортеж жасаған 104 көлік құралы айыптұраққа жабылып, авто иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: видеодан алынған кадр
Фото: видеодан алынған кадр

Бейнеу ауданында мектеп бітіріп жатқан бір топ оқушы көшеде бір-бірімен төбелесіп, тас лақтырған. Осы оқиға үшін оқушылардың ата-аналары кешірім сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Айта кетейік оқушылар төбелесі Боранқұл ауылында болған. 

«Біз балаларымыздың мектеп бітіру салтанатын бастан-аяқ өзіміз полицейлермен бірге бақылап жүрдік. Аз ғана уақыттың ішінде балалар арасында келіспеушілік болып қалды. Алайда ешкім жарақат алмады. Осы оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен екен. Балаларымыздың бұзақылығы үшін кешірім сұраймыз», - дейді ата-аналар. 

Сонымен қатар, Маңғыстау облысында соңғы қоңырау салтанатынан кейін кортеж жасаған 104 көлік құралы айыптұраққа жабылып, авто иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Түлектер отырған кортеж полиция қызметкерлері мен өзге де құқық қорғау органдары өкілдерінің ескертулерін елемей, түрлі құқық бұзушылық жасаған. Жасалған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі - ҚР мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдіктерін тақпауы, көлікті мемлекеттік нөмірсіз басқару, алдыңғы және бүйір терезелерді қараңғылау болды.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің 463 қызметкері мен 103 патрульдік жасақтары соңғы қоңырау күнінде қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын қадағалау, құқық бұзушылықтар мен қылмысты болдырмау бағытындағы іс-шараға жұмылдырылған. 

Тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары