Салмағы 600 кг-нан астам құрамында алтыны бар 26 қап тәркіленді.
ІІМ Ақмола облысының кен орындарында құрамында алтыны бар материалдардың заңсыз айналымына қатысы бар заңсыз кен қазушылардың әрекетін тоқтату бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Биыл полиция қызметкерлері 400-ден астам заңсыз кен қазушыларды ұстап, жауапкершілікке тартты. Сегіз қылмыстық іс тіркелді.
Сондай-ақ топ болып әрекет ететін кен қазушылардың бригадалары анықталып, жолы кесілді.
Осындай ұйымдасқан топты биыл қаңтар айында Ақмола облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы ұстап, кенді қайта өңдейтін заңсыз цех жойылды.
Салмағы 600 кг-нан астам құрамында алтыны бар 26 қап тәркіленді.
Сәуір айында Степногор қаласы прокуратурасының үйлестіруімен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісі алтын ұрлаумен айналысқан үш заңсыз кен қазушы бригаданың жолын кесті.
Кенді қайта өңдейтін үш шағын цех, сегіз тоннадан астам құрамында алтыны бар концентрат, контрафактілік зергерлік бұйымдардың ондаған жиынтығы тәркіленді. Шахтаның 200 метр тереңінде жерасты жуу цехы табылды. Полицияға 20-дан астам адам жеткізілді. Тергеу жалғасып жатыр, — дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
26 мамырда Ақсу және Бестөбе елді мекендерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тағы үш жерасты кен өңдеу цехы табылды.
Әртүрлі жабдықтар, шамамен 300 қап кен тәркіленді. Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары мен қызметкерлері ұсталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда, — деді Қуандық Алпыс.