30 млн теңге мемлекет қаржысын гарант болған үшінші тараптан талап еткен.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "Болашақ" халықаралық бағдарламасы туралы жанжалға қатысты журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Stan.kz сайтының жазуынша, министр 2022 жылғы аудитте мүліктің кепілден заңсыз босатылу фактісі расталғанын айтты. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, бұрынғы "Болашақ" стипендиаты Гавриленко соманы толығымен төлеуге міндеттелгенін жеткізді.
"2-3 күн бұрын Гавриленко толық өз кінәсін мойындап, екіжақты келісімшартқа қол қойды. Сол келісімшарттың аясында ол бүкіл ақшаны қайтарамын деп өзіне міндет алды. Енді жауапты тұлғаларға да бас прокуратура арқылы тиісті заңнама аясында жұмыс бастап кеттік", – деді министр.
Валерия Гавриленко "Болашақ" бағдарламасымен Ұлыбританияға оқуға кетіп, содан қайтпай қалған еді. Кепілге қойған мүлкін шығарып алғаннан кейін халықаралық бағдарламалар орталығы оқудың ақшасын, яғни 30 млн теңге мемлекет қаржысын гарант болған үшінші тараптан талап еткен.
"Гавриленко ақшаны толық қайтарамын деп өзіне жауапкершілік алды, тиісті келісімшартқа қол қойылды. Ол ақшаны төлеуді бастады. Сондықтан гарант тарапқа ешқандай өкпе жоқ. Біз жауап беруші үшінші тарапқа шағым түсіруге мәжбүр болдық. Себебі заң аясында олар да жауапты. Осылай істеуге тура келді. Гавриленко барлық ақшаны төлесе, гарант болған азаматтарға шағым болмайды. Менің ойымша, оларға дұрыс кеңес берілмеген. Олар қауіпті сезіп, залалды толық өтейміз деп ойлаған", — деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар министр "Болашақ" халықаралық бағдарламалалар орталығының бұрынғы басшылары мен қызметкерлерін жауапкершілікке тарту бойынша жедел шараларды жеделдету мақсатында бас прокурорға хат жолдағанын айтты.
"Бұзушылық фактісі анық, кепілгерлер бізге өз талаптарын жария еткендіктен, мен де оларға ашық түрде жауап бергім келеді: бәрі заң аясында шешіледі, біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Олар жауапкершілікті өз еркімен қабылдады және бұл азаматтық заңнамада нақты көрсетілген. Мұндай заң бұзушылыққа жол берген орталық барлық жауапкершілік пен жазаны өз мойнына алады", – деп қосты ол.
"Болашақ" бағдарламасының бұрынғы стипендиаты Ұлыбританиядан Қазақстанға экстрадициялана ма деген сұраққа Саясат Нұрбек "Біз көші-қон қызметіне де тиісті өтініштер дайындаймыз" деп жауап берді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Болашақтағы» былық: Кепіл болған екі отбасы далада қалғалы тұр