Марқұм – ата-анасының мәпелеп өсірген 5 баласының бірі.
Құлсары қаласындағы тасқын суды құрғату кезінде қайтыс болған өрт сөндірушіні ток соққан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бақилық болған өрт сөндіруші Бейбарыс Рақым 23 жаста болған. Марқұм төтенше жағдайлар саласындағы жұмысын 2021 жылдан бастаған. Бірнеше ірі әрі күрделі өртті сөндіруге қатысып, адам өмірін, мүлкін құтқару мен қорғауда белсенділік танытқан. Соңғы атқарған қызметі – Атырау қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі.
«Азаматтық қорғау сержанты Бейбарыс Рақым 24 сәуірде Құлсары қаласындағы тасқын суды сору бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге іссапарға жіберілді. Жылыой аудандық штабының нұсқауы бойынша 15 мамырдан бері «Басшы Ата» зираты аумағындағы учаскеде Атырау облысы ТЖД-ның 13 жеке құрамы 5 техникамен су айдау жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Бөлім командирі Бейбарыс Рақым өр суын соруға арналған техниканы орнату үшін көліктің жоғарғы жағына шыққан. Алдын ала мәліметке қарағанда, ол өз еркімен жақын маңдағы өрт сөндіру жеңін жерге түсіру үшін көліктің жоғарғы жағында тұрған. Жоғарыда жүргізілген электр беру желісі абайсызда құтқарушының денесіне тиіп, өрт сөндіруші құлаған. Ол осы учаскедегі жұмыстарды жүргізетін жеке құрамды басқарған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, кешкі сағат 20:55-те келген жедел медициналық жәрдем қызметкерлері құтқарушының қайтыс болғанын анықтады», - деп мәлімдеді департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Марқұм – ата-анасының мәпелеп өсірген 5 баласының бірі. Екі әпкесі, 1 ағасы мен 1 қарындасы бар. Соңында жары қалды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Жылыойда су сорғызу жұмыстары кезінде құтқарушы жігіт қаза тапқаны хабарланған еді. іледі.