Қыз күнімде қыз қуу ойынына қатысып, көкпарға да ілесіп жүретінмін. 60 жасқа келгенше қыз қууға қатыстым.
Дәл қазір әлеуметтік желіде аттың үстінде еркін шапқан 84 жастағы әженің әрекеті қызу талқыланып жатыр. Көпшіліктің назарына іліккен кейуана Алматы облысы Ұзынағаш ауылының іргесінде тұрады екен. Егде жасқа келсе де шапшаң қимылдайтын қария алғаш рет құпиясын ашық айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz - ке сілтеме жасап.
Tiktok-та трендтен түспей тұрған әженің аты-жөні – Худий Ханахайқызы. 15 құрсақ көтерген ананың 40 немересі мен 60 шөбересі бар екен. Оның аттың үстінде еркін шапқан видеосы аз уақытта бір миллионға жуық қаралым жинаған. Қартайған шақта жылқының жалынан ұстаған қарияның қандай құпиясы бар?
"Қымыз ішемін, шұбат ішемін, жылқының етін жеймін, қойдың сорпасын ішемін. Негізі жас күнімнен атқа мініп өстім. Бала кезден атқа құмармын, атпен шапқан кісімін. Сол кезден бастап әлі күнге дейін жасыма қарамай атқа мініп жүремін. Қыз күнімде қыз қуу ойынына қатысып, көкпарға да ілесіп жүретінмін. 60 жасқа келгенше қыз қууға қатыстым. Қазір бір балам қойшы ауылда қой бағады. Соған барамын, сол кезде атқа мініп, қой қайырып келемін. Ұл-қыздарым қасымда. Жылқыға деген құмарлық әкемнен дарыған қабілет деп білемін. Қазір немерелерім көкпар тартып жүр", – дейді 84 жастағы Худий Ханаханқызы.
Әлеуметтік желіге жылқы мінген әженің видеосын жүктеген немересі екен. Алғашқыда таңырқай қараған жұрт кейуананың бұл әрекетіне тамсанса, кейбір адамдар егде жастағы қарияға түрлі жағымсыз пікір жазып, сынаған көрінеді.
"Негізі көбі мақтап жазды. Бірақ арасында маған ұнамаған пікірлер болды. "Апасын хайп үшін түсірген екен. Хайп үшін әжесін өлтіруге дайын сияқты" деген пікірлер бар. Соған ренжіп жауабымды жаздым. Мен хайп қуалап жүрген танымал адам емеспін. Менің танымал болып кетейін деген ойым мүлдем болған жоқ. Көңілге тиген ең жағымсыз пікір: "Бұл қақпас алжыған ғой деймін. Осы жаста неге атқа мініп жүр? Үйінде отырмай ма..." деп бір кісі жазыпты. Менің жүрегіме сол сөз қатты тиді", – дейді әженің Гүлжан есімді немересі.
Сондай-ақ таза қазақы отбасында өскен 84 жастағы кейуананың халыққа беймәлім қыры көп. Мәселен, кезінде ол қыз қуу, көкпар ойынынан бөлек, мықты сауыншы, он саусағынан бал тамған шебер, әнші әрі айтысқа қатысқан өнерпаз болғанын айтты.