$ 494.87  520.65  4.91

«Үш айлық егіз де бар»: Қатыгез емші асырап алған балалар туралы тағы тың дерек шықты

Қалалық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің қызметкерлері 2021 жылдың сәуір мен маусым айларында, 2023 жылдың қыркүйегінде емшінің тұрғын үйінің тұрмыстық жағдайына қосымша тексеру жүргізген.

Фото: Time.kz
Фото: Time.kz

Шымкентте асырап алған балаларына жауыздық танытып, ит пен мысықтың етін жегізді деген емші ісіне қатысты тағы жаңа дерек шықты, деп Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бүлдіршіндердің бірі аталған отбасыға небәрі 1,5 айлығында қамқорлыққа берілген.

Шымкентте емші кәмелет жасына толмаған 6 баланы 2021 және 2023 жылдары қамқорлығына алған. Олардың екеуі сот шешімімен әйелі екеуінің асыранды балалары саналса, қалған төртеуі өзінің қамқоршылық тәрбиесінде болған.

Балалардың үлкені - 2008 жылдың сәуірінде дүниеге келген ұл бала. 2021 жылдың 7 шілдесінде Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының №344 бұйрығымен емшіге қамқоршылыққа берілген. 2021 жылдың 12 қазанында Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жасөспірімді емші мен оның әйелі асырап алған.

2021 жылдың 17 мамырында туған қыз бала 2021 жылдың 7 шілдесінде Астана қалалық білім басқармасы басшысының № 336 бұйрығымен қамқоршылыққа берілген. Емші мен оның жұбайы 2023 жылдың 30 қазанында бүлдіршінді сот шешімімен асырап алған.

Үшінші және төртінші перзент - 2021 жылдың 26 мамырында дүниеге келген егіз ұл мен қыз. Егіздер 3 айға жетер-жетпес жаста 2021 жылдың 18 тамызында Астана қалалық білім басқармасы басшысының № 436 бұйрығымен емшіге қамқоршылыққа берілген.

2020 жылдың желтоқсанында дүниеге келген және 2019 жылдың маусымында туған екі ұл бала 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының бұйрығымен қамқоршылыққа берілген.

Қалалық білім басқармасы балаларды қамқорлыққа беру және асырап алу процедуралары Білім және ғылым министрінің 2020 жылдың 24 сәуірдегі № 158 «Отбасы және балалар саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылғанын алға тартты.

«2021 жылдың 7 сәуірінде білім басқармасына Шымкент қаласы Абай ауданы Көкбұлақ тұрғын алабында тұратын азаматтан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған балаларды қамқоршылыққа алу үшін кандидат ретінде республикалық деректер банкіне есепке қою үшін тиісті құжаттарымен өтініші келіп түсті. Ұсынған құжаттар басқарма қызметкерлері тарапынан зерделеніп тексерілді. Сараптама жүргізіліп, өтініште көрсетілген мекенжай бойынша тұрғын үй-тұрмыстық жағдайы туралы акт жасалды. Жоғарыда аталған рәсімдердің оң нәтижесіне байланысты азамат жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаншылық және қамқоршылыққа алу үшін кандидат ретінде республикалық деректер банкінде тіркелді», - деді басқармадағылар.

Ведомство мәліметінше, белгіленген тәртіпке сәйкес, қалалық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің қызметкерлері 2021 жылдың сәуір мен маусым айларында, 2023 жылдың қыркүйегінде емшінің тұрғын үйінің тұрмыстық жағдайына қосымша тексеру жүргізген.

Еске салсақ, біз бұған дейін Шымкентте жергілікті танымал емшінің 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысықтың етін бергенін, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз.

Кейінірек емші туралы тың дерек шықты. Емші ісінен соң білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар балалардың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 13

Серіктес жаңалықтары