07.06.2024, 11:40

Астанада Құрбан айтта құрбандық шалу орындары анықталды

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Биыл Құрбан айт мерекесінің басталуы 17 маусым, дүйсенбіге келеді.

Құрбан айт мерекесі қарсаңында елордалық базарларда құрбандық шалу орындарында санитарлық нормалардың сақталуын тексерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Биыл 17-19 маусым аралығында аталып өтетін қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өтуге байланысты Астана әкімдігі құрбандық шалу орындарын белгіледі:

- «Шанхай» базары

- «Баракат» базары (А-369 көшесі, 10)

- «Жайлау» базары (С-754 көшесі, ғимарат. 1)

- «Шолпан-ата» базары («Алаш» тас жолы, 27/2)

- Темір жол ЖМ (Ақжар көшесі, 20).

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы жануарларының иелері, сою орындарының сатушылары мен иелері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 7-1/370 бұйрығымен бекітілген ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтауды сұрайды.

Мәселен, ауыл шаруашылығы жануарларын сою ережеге сәйкес берілетін есепке алу нөмірлері бар сою пункттерінде, ет өңдеу кәсіпорындарында немесе сою алаңдарында жүргізілуі тиіс.

«Бүгін біз ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын талқылау үшін сою нысандарының иелерімен кездесу өткіздік. 2 санаттағы рұқсат құжаттары жоқ жерлерде жануарларды союға тыйым салынады», - деді мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор, бас маман Мелис Қайнулдаев.

Еске салсақ, биыл Құрбан айт мерекесінің басталуы 17 маусым, дүйсенбіге келеді.