Елімізде 2024-2025 жылдар аралығында Ұлттық жоба бойынша барлығы 369 мектеп ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Алматы облысында 2024-2025 жылдары 53 жайлы мектеп салынады. Биыл 600-ден 1500 орынға дейінгі сыйымдылығы әр түрлі 26 жайлы мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үш ауысымды және апатты мектептердің проблемасын шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын іске асыруды тапсырды. Қазіргі кезге дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы басталып кетті. Ұлттық жоба аясында апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және тапшылықты жою үшін 401 жайлы мектеп салынатындығы айтылған. Сондай-ақ 2024 жылы 226, ал қалған 175 мектеп 2025 жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады.
«Жайлы мектептің» айырмашылығы неде?
Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.
Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.
«Жайлы мектеп» қай өңірлерде салынады?
«Samruk-Kazyna Construction» сайтының хабарлауынша, Қазақстанның 20 өңірінде 118 мектеп салатын компаниялар анықталған. Сонымен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында:
Астанада – 15,
Алматыда – 12
Ақмола облысы – 7 мектеп:
Шымкенттеа – 8,
Ақтөбе облысы – 4 мектеп
Атырау облысы – 9 мектеп
ШҚО – 4 мектеп
Жамбыл облысы – 7 мектеп
Батыс Қазақстан облысы – 5 мектеп
Қарағанды облысы – 7 мектеп
Қостанай облысы – 1 мектеп
Қызылорда облысы – 3 мектеп
Маңғыстау облысы – 5 мектеп
Түркістан облысы – 19 мектеп
Абай облысы – 2 мектеп
Жетісу облысы – 1 мектеп
Павлодар облысы – 1 мектеп
Ұлытау облысы – 1 мектеп салынады.
ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «АМАНАТ» партиясының депутаты Альберт Раудың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының білім саласына ғана емес, экономика мен отандық өндірісті нығайтуға әсері зор. Оның пайымдауынша, отандық өндірушілер мектептерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын. Өйткені Қазақстанда ынтымақтасуға және мектеп құрылысына отандық өнімді жеткізуге дайын тауар өндірушілердің саны жеткілікті.
«Отандық өндірушілер мектептерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын. Мысалы, барлық 401 мектептің жиһазына деген қажеттілік 1,5 миллион бірлікті құрайды. Отандық тауар өндірушілер бұл көлемді 100%, тіпті одан да көп қамтуы мүмкін. Егер олар бірдеңе істей алмаса, кепілді сатылыммен олар оны өндіру үшін қосымша жабдықты сатып алуға дайын», – дейді Мәжіліс депутаты.
Ұлттық жобаның құрылысы қалай жалғасуда?
Олжас Бектенов Алматы облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысын тексерді.
Фото: primeminister.kz
Жыл соңына дейін 3000 м2 алаңда орналасқан жаңа білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінде нысанның іргетасы мен монолитті қаңқасын орнату жұмыстары аяқталған. Мектеп қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, құрылыс және білім беру саласындағы соны технологиялармен жабдықталады.
Елімізде 2024-2025 жылдар аралығында Ұлттық жоба бойынша барлығы 369 мектеп ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Алматы облысында 2024-2025 жылдары 53 жайлы мектеп салынады. Биыл 600-ден 1500 орынға дейінгі сыйымдылығы әр түрлі 26 жайлы мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.
Ұлттық жобаның шарттарына сәйкес, барлық жайлы мектептер оқушылар мен педагогтер үшін жоғары қауіпсіздік шараларын, тиісті инфрақұрылымды және қолайлы жағдайды қамтамасыз ете отырып, бірыңғай стандартқа сай салынатын болады.
Премьер-Министр жаңа жобалар әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өткізуді жеделдетуді және салынып жатқан ғимараттарды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
«Бұл – Президенттің мегажобасы. Оның сапалы әрі уақытында іске асырылуын қатаң бақылауға алу қажет. Жайлы мектептердің құрылысы балаларымыздың сапалы білім алуына барлық жағдай жасауға бағытталған. Үкімет алдында 2025 жылдың соңына қарай 740 мың жаңа оқушы орнымен қамтамасыз ету міндеті тұр. Құрылыс жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізу қажет», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді талап етті. Отырыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте 163 мектеп (44%) ауылдық жерлерде салынбақ.
Фото: primeminister.kz
Бұл оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталатын болады. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін оқу кабинеттері, санитариялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарастылырып отыр. Мектептерді заманауи техникалық құралдарды енгізу және күзетті күшейту есебінен жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар да қарастырылған. Оған қоса жайлы мектептер ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта болмақ.
Министр «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастықтар өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданғанын айтты. Мәселен, жиһаз өнімдерін тек «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміндегі қазақстандық компаниялардан сатып алу көзделген. Бұдан басқа отандық өндірістегі құрылыс материалдарын қолдану бойынша талаптар енгізілді.
Өңірлерде мектеп салу барысы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айтып берді.
Премьер-Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының ел үшін маңызы зор, оның арқасында үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілуі тиіс. Жалпы салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін және оның демографиялық ахуалын ескере отырып анықталады.
«Олардың барлығы жаңа мектептерге аса мұқтаж өңірлерде салынуы қажет. Оның үстіне, жайлы мектептер атына заты сай, оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуы тиіс. Олар қауіпсіз және сапалы білім беру ортасына айналуы керек», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, аталған мектептер әу бастан цифрлық камералармен жабдықталып, полицияның Жедел басқару орталықтарына жалғануы тиіс. Оған қоса жаңа, интерактивті оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін жылдамдығы жоғары интернет жүргізілуі керек.
Сонымен қатар Премьер-Министр жайлы мектептерді оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
«Бұл мектептерді өскелең ұрпақты, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталықтарға айналдыру қажет. Онда спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелері жұмыс істеуі керек. Балаларға қосымша білім алу мақсатында фильмдер көріп, интернеттен қажетті ақпарат іздеу, кітапханада дайындалу мүмкіндігі берілуі тиіс», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, ұлттық жобаны іске асыруда белгілі бір шикіліктер де бар. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы учаскелерді бөлу және жобалық құжаттаманы әзірлеу қарқынын сынға алды. Осыған байланысты барлық проблеманы қысқа мерзімде жою тапсырылды.
«Құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажет. Жалпы Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін бар күшімізді жұмылдыруымыз керек», — деді Премьер-Министр.
Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектепті, ал қалған 119 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды.
«Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», – деді ол.
Өңірлер әкімдеріне 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблемаларды шешу тапсырылды.
«Биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын 1 тамызға дейін аяқтау қажет», — деді Олжас Бектенов.
Оған қоса Үкімет басшысы объектілер ашылғаннан кейін бірден нақты жоспарлы оқу процесін ұйымдастыру үшін салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтамасыз ету керектігін айтты.
«Біз Ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылатын болады», – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, 2026 жылға қарай орта білім беру объектілерін салу есебінен кемінде 53,5 мың уақытша жұмыс орны, 41,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.