Әркімнің сынағы әртүрлі, бұл отбасы баспанаға зәру.
Комедиялық фильмдерімен танымал актер әрі әзілкеш Жахан Отарғалиев Атырау қаласында тұратын 10 баласы бар отбасын зиярат етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
15 жылдан бері бала аңсап жүргенін айтқан актер 10 балалы отбасының баспанадан қиналып отырғанын айтып, халықты көмектесуге шақырды.
Менің бала аңсап жүргеніме 15 жыл болады екен. Мына кісілерде 10 бала бар. Әркімнің сынағы әртүрлі. 10 баласы бар отбасы бір баспанаға зәру.
Атырауға келу себебімнің бірі осы еді. Көп балалы отбасының баспаналы болуына сізбен біз болып атсалысайық! Үлкен қызы Ақжарқын оқу ақысын төлей алмаған соң оқудан шығып қалыпты. Егер оқу ақысын төлесе, оқуға қайта қабылданады екен. Сол үшін бір жылдық оқу ақысын өзім мойныма алдым. Біздің болашағымыз білімді жастар ғой. Бәрі жақсы болады, – деді Жахан Отарғалиев.
“Алтын алқа” иегері, 10 баланың анасы қазіргі жағдайы жайлы сыр шертті.
Басқаға бай болмасам да, балаға баймын. Жолдасымның ақшасы тек тамаққа кетеді. Жаңа киім де алып бермеймін. Бірінікін бірі киіп өсіп жатыр. Бірақ баспанамыздың болмауы жанға батады. Бір айда 4 үй алмастырдық. Көп балаға ешкім үйін бергісі келмейді. Өте қиын жағдайдамыз, – деп жылады батыр ана.
Сондай-ақ актер отбасына баспана алуға көмектесемін, қол ұшын созайын дегендер үшін арнайы ақпаратты видеосының астына бөлісті.