$ 471.46  504.79  5.53

«Ұлттық құрамада жүріп күзетте жұмыс істедім»: Қуат Хамитов ең әділетсіз спорт түрін айтты

Бұл спортта ақша жоқ.

Фото:  instagram/kuat__khamitov
Фото: instagram/kuat__khamitov

Аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов бұл спорт түрі арқылы ақша табу өте қиын екенін айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Белгілі файтер кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлының YouTube-каналында қонақта болып, сұхбат берген.

Басында бәріміз сол ақша табу үшін бастадық. Ұлттық құрамада жүріп күзетте қатар жұмыс істейтінмін, сол арқылы оқуымның ақысын өзім төледім. Алматы қаласының атынан өнер көрсеткендіктен, олар маған айлық төлеуі керек еді, дегенмен жарыстарға өзім тапқан табысыммен қатысатынмын. Жекпе-жекке шығып, жақсы сыйақы алсам дейтінмін. 2012 жылы Үндістанда өткен турнирде тәуір сыйақы төледі. Қытайда да көңіл көншітерлік сыйақы берген. Сол ақшаны отбасымызға, той-томалаққа жарататынмын, - дейді ол.

Спортшы жастарға аралас жекпе-жек арқылы ақша табу дегенді ойдан мүлде алып тастауға кеңес береді. 

Інілеріміз жекпе-жек арқылы ақша тапқым келеді деп айтып жатады. Кезінде бізден де мықтылар болды, қазір соларды көшеде көлік қағып кетсе де ешкім танымайды. Бұл спортта ақша жоқ. Одан да сабағыңды оқып, жақсы білім алып, бизнеске бет бұр, ақшаны сол саладан тап деймін. Себебі бұл спорт түрі ең әділетсіз саналады. Талай жарыста топ жарып, бір-екі рет ұтылсаң, адамдар саған аяқ киімін сүртіп кетеді. Өзің жарақаттан көз ашпайсың. Соңында денсаулығыңнан айрылып, қолыңнан ештеңе келмей, ешкімке керек болмай қаласың. Басың істесе, бапкер боласың немесе күзетші болып жұмысқа тұрасың. Бітті, - деді Хамитов.

Еске салайық, бұған дейін «Найман» лақап атымен танылған спортшы соңғы жекпе-жегін мамыр айында Ресейде жергілікті файтер – 40 жастағы Александр Шлеменкоға қарсы өткізіп, жеңіліп қалған болатын.

Дереккөз: 1bol.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары