12.06.2024, 23:30

«Денемнің бәрі қышып тұр»: Ақтөбе - Алматы пойызының жолаушыларын қандала шағып тастаған

Фото: instagram.com/pust_govoryat_aktobesvami_

Біз не үшін ақша төлейміз? Түні бойы ұйықтамадық.

Ақтөбе – Алматы пойызының жолаушылары пойызды төсек қандалалары басып кеткенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желіде Ақтөбе – Алматы бағытындағы пойыздағы антисанитариялық жағдайға шағымданған қазақстандық әйел төсектегі қандалалардың суреттерін бөлісті. Жазба авторы жол бойы ұйықтай алмағанын айтады, деп жазады Stan.kz.

"Денемдегі қандала тістеген жерлер әлі қышиды. Бұл төсек қандалалары. Олар аурудың тасымалдаушысы болуы мүмкін, содан кейін заттардың арасына түсіп, үйге көшуі мүмкін. СЭС пен әкімшілік қайда қарап отыр? Біз не үшін ақша төлейміз? Түні бойы ұйықтамадық" – делінген желідегі жазбада. 

"Жолаушылар тасымалы" АҚ мәліметінше, 10 маусым күні айналым пунктіне келген кезде аталған пойыз тексеру және жоспардан тыс залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін ажыратылған.

"Бұл ретте визуалды тексеру кезінде төсек қандалалары табылмады, бірақ біздің қызметкерлер жоспардан тыс қосымша дезинсекция жүргізді. Айта кетейік, аталған вагонда соңғы жоспарлы дезинсекция 6 маусымда жүргізілген", – делінген хабарламада. 

Компания вагондарды дезинфекциялау және дератизациялау денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес әр сапар алдында жүргізілетінін айтты.

"Вагондарды дезинсекциялық өңдеу айына кемінде бір рет және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Дератизациялық өңдеу тоқсанына кемінде бір рет және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Вагондарды қосымша дезинфекциялау эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі", – делінген компанияның жауабында.