Нан сататын дүңгіршектің иесіне айыппұл салынды.
Павлодарда нан сататын дүңгіршектің иесіне айыппұл салынды. Мамандар тексерісті аяқтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Портал мәліметінше, 4 маусымда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына Назарбаев көшесі бойында тұрған дүңгіршектегі нан-тоқаш өнімдерінің үстінен егеуқұйрық жүгіріп жүргені туралы шағым түскен. Басқарма қызметкерлері жоспардан тыс тексеріс ашып, кәсіпкерлік нысанға барғаны айтылды.
Тамақ өнімдерін сақтау және өткізу кезінде санитарлық нормалардың бұзылуы анықталды, – деді басқарма өкілдері.
Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігіне және 463-бабы 1-бөлігіне сәйкес жеке кәсіпкерге қатысты шаралар қабылданды. Ол 250 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеп, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау керек.