Ал олар баланың өздерінікі екеніне көз жеткізбестен сәбиді жерлеп тастаған.
Жергілікті тұрғын Қызылорда қалалық сотына облыстық патология бюросының үстінен моральдық залалды өтеу туралы шағым түсірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
2023 жылы шағымданушы әйелдің 4 айлық қызы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмған. Сол күні перинаталдық орталықта тағы бір әйелдің сәбиі өлі туылған. Балалалдың денесі мәйітханаға жеткізілді.
Талап қоюшы мәйітті беру туралы өтініш бергенде мәйітхана қызметкерлері оның баласының денесін қателесіп басқа ата-анаға беріп жібергенін айтқан. Ал олар баланың өздерінікі екеніне көз жеткізбестен сәбиді жерлеп тастаған.
Кейін эксгумация рәсімі жүргізіліп, қыздың денесі әйелге табысталды. Міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін мәйітхана қызметкеріне тәртіптік жаза – қатаң сөгіс берілді. Ал бюроның бас дәрігері қызметінен босатылды.
“Сот бұл жайттің медициналық мекеме қызметкерлерінің салғырттығынан орын алғанын растады. Бұл жағдайлар талап қоюшыны моральдық-психологиялық азап пен эмоционалдық күйзеліске жеткізді. Осыған байланысты сот талап қоюды қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеу ретінде талап қоюшының пайдасына патологиялық бюродан 1 миллион теңге өндірді”, – делінген Жоғарғы соттың мәлімдемесінде.