Сот шешімінің орындалуы тапқа қатты бөлінеді. Кейбір адамдардың шешімін бір-ақ күнде орындап тастайды.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов сот саласындағы кемшіліктерді жіпке тізді. Оның айтуынша, сот шешімінің орындалуына қатысты «таптық бөлініс» бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол Мәжілісте өткен сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заңды талқылау барысында айтты.
«Президенттің «Ықпалды Парламент болу керек» деген жақсы сөзі бар. Соттың ашықтығына қатысты айтарым, менің өзім соттың қабылдауына жазыла алмағаныма бір жылдан асып кетті. Қабылдамайды, жабық. Кейбір соттардың өзінде сотталушылардың «сотым ашық өтсін» деген сөзін қабылдамайды. Осы орайда соттың ашықтығы мен Парламенттің ықпалдылығын арттыру мақсатында заңның аясында қандай да бір сабақтастық табуға бола ма? Ең болмаса, жылына екі рет талқылауға ешкім есеп сұрап отырған жоқ. Өйткені, бізге сот бойынша өте көп шағым келеді. Ал регламент бойынша сот ісіне араласуға біздің қақымыз жоқ», - деді депутат.
Ринат Зайытов сот шешімінің орындалуына қатысты пікір білдірді,
«Сот шешімінің орындалуы тапқа қатты бөлінеді. Кейбір адамдардың шешімін бір-ақ күнде орындап тастайды. Ал қолында сот шешімі болса да жылдап орындата алмай жүргендер де бар. Осыны қалай жетілдіруге болады? Биліктердің арасында тепе-теңдікті қамтамасыз ететін механизмдер бар. Бірақ тікелей сот билігіне заң шығарушы билік барып, оның ісіне араласа алмайды», - деді Зайытов.