$ 494.87  520.65  4.91

«Өз ұлтыңның қызына үйлен, біздің қателікті қайталамаңдар!»: Мұхтар Әуезовтің «үш ақылы» тарады

Ұлттың ұлт болып ұюы бесіктен басталарына мән бермеппіз.

Фото: instagram.com/maksat.skakov
Фото: instagram.com/maksat.skakov

Классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзге ұлттан қыз алмау туралы жазбасы тарады. Ол өз қателігін мойындап, өзінен кейінгі ұрпаққа ақыл айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақ әдебиетінде ерекше орны бар жазушының жазбасын қоғам белсендісі әрі саясаткер Мақсат Сқақов Instagram-дағы парақшасында жариялады.

«ӨЗ ҰЛТЫҢНЫҢ ҚЫЗЫНА ҮЙЛЕН….. Мұхтар Әуезовтің Софы Сматаев ағамызға берген үш кеңесі:

Сары бала, сен жазушы болам деп жүрсің ғой. Сол болашақ тірлігіңе демеу болар үш тарау ақылымды айтайын. Қабыл алсаң, қапы қалмассың.

Арақты әу баста ем-дом үшін шығарған. Аздап ішсең – дәру, көп ішсең − у. Жөнімен тата білсең, артықтық етпейді ол. Ал қатаң ескертерім: темекіге жолама! Адам ағзасын арылмас дертке ұшырататын кесірлі кеселдің ең зияндысы. Бұл бір.

Жазушының өте бір баға жетпес құндысы – уақыты. Осы құндының аса қас жауы – карта дейтін азарты мол ойын. Ол немең – уақытыңды ұрлаумен қоса достарыңнан ажырататын зәндемінің өзі. Өйткені ұтылсаң – ақшаң болмай, бере алмауың мүмкін. Ұтсаң – қолма қол ала алмай, араларың суысып кетуі ғажап емес. Сондықтан картадан аулақ бол.

Үшіншіден, біздің жасаған қателіктерімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба, «тең теңімен» дегенге әулекіленіп «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт болып ұюы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кешігіп сезіп, сан соғып жүрміз. Сендер елден алыста жүрсіңдер. Бүгінде қазағыңның оқыған қаракөздері жеткілікті. Біздің қателігімізді түзетуге тырысыңдар.

Солай, Софы балам. Кеңесіме құлап түспесе де, құлақ асар ұрпақ болса екен дейтін тілегімнің бір парасы осы. Мәскеу, 1961 ж»,  –  деп жазылған жазбада.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 54
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары