Солтүстікте ерлер әйелдеріне үй шаруасына көмектеседі. Шымкент, Шымкенттің арғы жағы және шекараға жақын жерлерде жүдеп, қажып, қиналып кеткен әйелдер көп.
Алматы тұрғыны Азина Сәду TikTok желісінде Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігінің қыздарын салыстырып, солтүстікте туып-өскеніне қуанатынын айтты. Ол өз парақшасында осы тектес видео түсіріп, оңтүстік қыздарына үндеу жасап жүр. Оның сөзінше, оңтүстік жақтың қыздары өздерін бағаламайды, құл боп кетеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
"Алматыда үш жыл тұрып, Солтүстік Қазақстанның тәрбиесі оңтүстіктегіге қарағанда әлдеқайда жақсы екеніне көзім жетіп жүр. Оңтүстік Қазақстанда қыздарды кішкентай кезінен құлдыққа тәрбиелейді. Мен өзіміздің солтүстігім үшін қуаныштымын", – деп жазба жариялады Азина Сәду.
Осыдан соң оған TikTok қолданушылары түрлі пікір жазып, хат жіберіп жатыр. Бірі келіссе, енді бірі оны “мәңгүрт” деп сөкті. Әйел “оңтүстіктің қыздары” деп қай өңірдің адамдарын айтып тұрғанын нақтылады.
"Мен оқу бітірген соң жұмысқа шықпай, мансап құрмай, дамымай, бірден тұрмысқа шығу туралы ойлайтын, қоғам соған міндеттейтін, өздері де тек соған дайындалатын қыздарды көп кездестіремін. Оларды 18-19-20 жасынан бастап тұрмысқа шығуға дайындайды. Олардың да жалғыз арманы – тұрмысқа шығып, бала туу. Жаялық пен кір киімнің астында қалу, дамымау, өзіне қарамау. Оңтүстіктің қыздары деп тұрғанымның көбі – Шымкент, Шымкенттің арғы жағы және шекараға жақын жерлердің қыздары. Ол жақта жүдеп, қажып, қиналып кеткен әйелдер көп. Олар оқу, білім туралы білмейді, ойламайды, 5-6 баладан туады. Осы жағдайына қарамай олар кедейлік және күйеуге, ата-енеге бағыну одан сайын күшеюіне сеп болып отыр. Ата-енесіне өлгенше қарау, бүкіл айтқанын істеу бар, сосын ерлер тарапынан абьюз көп. Себебі олар “қыз, әйел туғаннан бастап біреуге қызмет етіп қана өмір сүреді” деп біледі. Бізде бұндай емес. Осындай үлкен айырмашылық бар”, – дейді Азина Сәду.
Азина солтүстіктің қыздары оңтүстіктегілерден қалай ерекшеленетінін айтып берді.
“Солтүстіктің қыздары 5-6 баладан тумайды. Олар босанғанда да әр баланың арасына 3-5 жыл интервал қояды. Олар жұмысқа шығады, өздері үшін әйтеуір бірнәрсе істейді. 24/7 үйде отырмайды. Сонымен қатар солтүстік қыздарының тұрмыс құрар кездегі ең бірінші критериі – ата-енемен тұрмау, олар қатты қартайып кеткенше бөлек тұру. Сосын бізде мәҺр, қалыңмал деген жоқ. Ең көбі 3-4 бала туады. Егер отбасы дәулетті, жағдайы жақсы, жолдасы пысық, ақша жақсы табатын болса, онда 5 бала тууға келіседі. Сондықтан да бүкіл күш ағайын-туысқа емес, тек екеуінің қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған. Әрине, жігіттің туыстары қатысып жатса, қыздың туыстары да қатысады, бәрі теңдей болады. Солтүстікте ерлер әйелдеріне үй шаруасына көмектеседі. Күйеу жақ қаржылай көмектессе, дәл солай қыз жақ та көмектеседі және керісінше күйеуі әйелінің туыстарына көмектеседі. Осындай үлкен айырмашылықтар бар, сондықтан мен бәрі неліктен таңданып жатқанын түсінемін", – деді әйел.
Әйел "сен мәңгүртсің" деп жазған коментаторларға да жауап берді.
"Ата-енеге немесе жалпы адамға бас ию деген – қазақтарда болмаған нәрсе. Солтүстіктің қыздары тек Құдайға бас иеміз. Бас игенше мәңгүрт болайыншы. Мәңгүрт күшті ғой. Біз шекарамызды білеміз, қалағанымызды киеміз, қайда барғымыз келсе, сонда барамыз. Баланы да күйеудің немесе ененің айтуымен емес, өзіміз қалауымызша туамыз. Ол бізге не үшін керек? Біз малмыз ба, сиырмыз ба? Егер күшті күйеуі болып, отбасын өте жақсы асыраса, әрине көбірек тууға да, үйде отыруға да болады, егер әйел осыны өзі қаласа. Ал әйел, ана бақытты болса, бала да бақытты. Солтүстікте көп бала бақытты. Ата-енемен тек олар өздеріне қарай алмайтын жағдайға жеткенде бірге тұрамыз. Бұның бәрі – өте қалыпты нәрселер. Әйелдің таңдауы, құқығы бар", – деді тиктокер.
Оның сөзінше, оңтүстіктің жігіттері жұмыс істеп қалған қыздардан қорқады. Өйткені олар өздеріне сенімсіз және білімсіз. Сондықтан өздеріне де сондай білімсіз және жұмыс істеп көрмеген қыздарды алады. Ал солтүстікте жігіттер әйелдерімен мақтанады, себебі әйелдер оларға досы да, партнеры да бола алады.
Сонымен қатар Азина Сәду өзінің осындай видеолары, жазбалары арқылы оңтүстік қыздарына қарсы шықпайтынын, керісінше оларға "өздеріңді бағалаңдар" деп айтқысы келетінін жеткізді.
“Жақында мен "Оңтүстікте туғанша, солтүстікте туып-өскен қандай бақыт?!" деген пост шығардым. Мен бұл сөзіммен оңтүстіктің қыздарына қарсылық білдіріп тұрған жоқпын. Оңтүстіктің қыздары – өте күшті қыздар. Олар өте пысық, еңбекқор, қолынан келмейтіні жоқ, тәрбиесі жақсы. Өзім сұлулық саласында жұмыс істеймін және оңтүстіктің қыздарының оқиғаларын көп естимін. Оңтүстікте тұрмыстағы зорлыққа көнетін, шыдайтын әйелдер өте көп. Иә, сіздерді жақсылап тәрбиелейді, бұған келісемін. Бірақ сіздерді бала күндеріңізден бағынышты болуға, құл болуға тәрбиелейді. Оның үстіне қыздардың аз бөлігі ғана білім алған. Біразы 18-19 жасында тұрмысқа шығады, өмірде ештеңе көрмейді. Үнемі орамалымен жүреді, сәлем салады. Құдай-ай, еркектер Құдай емес қой! Қорқынышты оқиғаларды көп тыңдадым, оңтүстіктің жігіттері сондай тиран. Оларға бәрібір, қыздың жағдайы не болатынын ойламайды. Олар әйелдеріне 5-6 баладан туғызады. Бірақ артында ештеңесі, жиғаны жоқ. Айына 200 мың теңге айлық алғандарына мәз. Соны отбасымды асырап отырмын дейді. Негізі ол асырап отырған жоқ, кедейлендіріп отыр. Кейбіреулер тіпті 200 мыңды да алмайды”, – деп күйінді әйел.