$ 475.03  517.21  5.44

Елімізде харассмент туралы заң қаралып жатыр: ол қандай болмақ?

Қазіргі таңда Парламентте харассмент туралы заң жобасы қаралып жатыр.

Фото: DALL-Е/ Orda.kz
Фото: DALL-Е/ Orda.kz

Қазақстанда «харассмент» және жыныстық тиісу үшін жауапкершілікке тарту туралы заң жобасы дайындалып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызмет брифингінде ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі харассмент үшін жауапкершілікті енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Түзетулер енгізу мемлекеттік органдарда талқылануда. Жақын арада бұл мәселе қаралады деп ойлаймын. Бұл заңды Еңбек министрлігі әзірлеп жатыр», – деді Зулхаиров.

Бұған дейін Үкімет депутаттардың харассмент пен сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу жөніндегі түзетулерін қолдамаған еді. Бұл нормалар 15 маусымнан бастап күшіне енетін тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға енбей қалған.

KURSIV Media KZ берген сұхбатында Сенат депутаты Жанна Асанова «харассмент» түсінігі болашақта заңға енгізілетіні туралы айтқан.

«Қазіргі таңда Парламентте харассмент туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл проблеманы талай көтердік. Харассментпен қатар, сталкинг деген ұғым пайда болды», – деген еді сенатор.

Харассмент деген не?

«Харассмент» термині ағылшын тіліндегі harassment сөзінен шыққан. Харассмент дегенде көпшілік басшылықтың қол астындағы қызметкеріне жыныстық қысым жасауын түсінеді. Бірақ оның аясы кең, басқа да  сипаттары бар. Тұлғаның жеке шекарасын бұзатын кемсітушіліктің кез келген түрі харассментке жатады. Ол жынысына байланысты әзіл, намысын таптайтын сөз. Жұмыс орнында, автобуста, кафеде, кез келген қоғамдық орында болуы мүмкін. Адамның қалауынсыз жасалған қол тигізу, жанасу, дөрекі сөз айтуды харассмент ретінде қарастырып, шағымдануға болады.

Харассмент тек жыныстық қудалау ғана емес. Әртүрлі жолдармен адамның жеке шекарасының бұзылуы. Харассмент дөрекі сөздер, мессенджерлердегі ұятсыз хабарламалар, себепсіз қоңыраулар мен жанасулар болуы мүмкін. Оған мысал ретінде нәсілдік, діни, жыныстық ерекшелігіне байланысты төмендету, кемсітуді де айтуға болады. 

Харассмент жасалғанын қайдан білеміз?

Жұмысқа әдемі көйлек киіп келген қызға жұмыстасы қошемет сөз айтса, мұны харассмент деп айта алмаймыз. Жұмыспен қамту саласындағы тең құқықты қамтамасыз ететін комиссия харассментті биліктің қарамағандағылар жыныстық қуадалау жасау деп нақтылаған. Егер басшы ұятсыз ескертулер жасап, қызметтік баспалдақтағы өсуге байланысты интимдік ұсынысты ишараласа, бұл – харассменттің көрінісі.

Тағы бір белгісі – жиі жанасуға, жақындасуға тырысу. Басшының үнемі жеке шекараны бұзатын мәлімдемелер жасауы, қызметкерге қол тигізуі немесе тікелей қудалауы. Бірақ сипаттама жүйелі болуы міндетті емес. Егер біреу жыныстық қатынасқа мәжбүрлі түрде барса, онда осындай бір оқиға жауапқа тарту үшін жеткілікті. Харассменттің психологиялық белгісі – қорлау мен үнемі қысым жасау, қудалау, сондай-ақ жәбірленушіге қысым жасайтын атмосфераны тудыру.

Харассмент қалай жазаланады? Әлемдік тәжірбие

Құқықтық жағынан дамыған елдерде харассмент Азаматтық құқық бұзушылық деп танылады, кейбір жағдайларда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 2002 жылы Еуропалық Одақ гендерлік теңдік директивасына тиісті түзету енгізіп, харассментті заңсыз деп атады. Әр елде харассмент үшін жауапкершілік шарасы әр түрлі. АҚШ-та жұмыстағы қудалау үшін өтемақы жұмыс берушінің мойнына түседі. Қызметкердің әрбір шағымын арнайы комиссия қарайды және айыпталушыға қатысты шешім қабылданады. Қызметкерлерді жұмыста жыныстық қудалау мәселелері бойынша тренингке жібереді, психологпен жұмыс істеуге кеңес береді, харассмент жасаған басшыға сөгіс жариялайды, жұмыстан шығарады, сондай-ақ айыппұл салуға болады. Егер харассмент қылмыстық құқық бұзушылықпен – жыныстық зорлық-зомбылықпен, физикалық қудалаумен, жеккөрушілік қылмысымен байланысты болса, онда ол үшін түрмеге қамайды. Мысалы, Германияда жыныстық қудалау жасауға ұмтылу үшін екі жылдан бес жылға  дейін бас бостандығынан айырады.

Жаңа заң бойынша 16 жасқа толмаған балаларға жыныстық қатынаста тиісу және өзін-өзі өлтіруге үгіттеу бойынша қылмыстық жаза көзделетінін еске саламыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#заң