Ол онкологиялық, адамдардың емделмейтін ауру түрлеріне алып келеді.
«QASQA JOL» ютуб арнасының бүгінгі қонағы – Парламент Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ғалым, техника ғылымдарының маманы қазіргі Парламент Мәжілісінің заң дайындау жұмысы жайында айта келе, 2017 жылдан бері өтпей, тоқтап қалған радиоактивті қалдықтар жөніндегі Заң туралы түсіндірді.
Үкімет пен парламент бірігіп жұмыс істеу керек қой, тандемде. Біз биліктің әр түрлі тармағы болғанымызбен, біздің илеп жатқан теріміз бір. Бұл – Қазақстан мемлекеті. Сондықтан біз Үкіметке оңтайлы Заң шығарып беруіміз керек. Үкімет сол заң аясында тиімді жұмыс істеу керек. Осы тандем жақсы, дұрыс жұмыс істейтін болса, көптеген қордаланған проблемаларды шешуге болады. Үкімет деп мен тек орталық министрліктерді айтып отырған жоқпын. Мен көптеген төменгі деңгейдегі облыс, аудан, қала басындағы жергілікті билікті айтып отырмын. Атқарушы билікті айтып отырмын. Міне, сондықтан біздер шамамыз келгенше қажет деген заңдарды шығарып, жөндеп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, 30 жылда көптеген өздеріне ыңғайлап, олигополия отбасы заңдар жасап алған. Сондықтан біз енді сол схемалардың бәрін қайтадан бұзуымыз керек. Жаңадан жүйе жасауымыз керек. Жаңа модельдер, жаңа механизмдер жасауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде Парламент өте қауырт жұмыс істеп жатыр.
Әсіресе, депутаттар тарапынан бастамашылық жасап, көтеріп жатқан Заңдар көп. Лудоманияға байланысты, өздеріңіз білесіздер. Өткенде тез арада соны өткіздік, бірақ соның дайындығына 2 жылдай уақыт кетті-ау деймін. Бұдан басқа вейптерге тыйым салу. Қазір наркоманияға байланысты заңдарды қарап жатырмыз. Электромобильдерді дамыту, экологиялық жағынан. Жалпы осы әлеуметтік-мәдени және өзіміздің қазба байлықтарымызға байланысты, дүниеуи байлықтарымызға қатысты, рухани байлықтарымызға қатысты жан-жақты Парламент осы Үкіметке жұмыс жасауға қажет дейтін заңдардың барлығын жасап жатырмыз. Бір жағынан Үкімет өзі де алып келеді. Екінші жағынан біз де бастама көтеріп отырмыз.
Мысалы, біздің комитетте қыркүйектің бірінен бүгінгі күнге дейін 20 заң болды. Сол 20 заңның жетеуі депутаттардың бастамасымен көтерілген, алтауы Үкіметтен келген, жетеуі ратификациялау арқылы, яғни мемлекетаралық келісімшарттарды біз ратификация жасаймыз. Оны есепке алмаған уақытта сол қаралған негізгі заңдардың 54 пайызы депутаттардың бастамашылығымен көтерілді. Соған қарағанда бұл жерде Үкімет тарапынан да, депутаттар тарапынан да белсенділік өте жоғары.
Мысалы, жақында радиоактивті қалдықтар жөнінде заң дайындадық. Бұл заңды кезінде халықаралық сарапшылармен, МАГАТЭ бар, Норвегия бар, сондай шетелдік сарапшылармен бірігіп отырып жасақтадық. 2017 жылы дайын болған, содан бері Мәжіліске кірмей жатқан. Сол Заңға біздер араласып, мен арнайы комитеттің отырысын өткізіп, бүкілін шақырып, жаңағы заңды қайтадан қарап, оны өзімізге алып, депутаттардың бастамашылығымен осы күні кеше бүкіл министрліктер қолдап, ведомство-аралық комиссиядан өту керек , соның жиналысына барып өзім баяндама жасап, Әділет министрлігі, бәрі қолдап,енді қазір Үкіметтің қорытындысы дайындалып жатыр. Ол Заң бізге кіреді.
Өздеріңіз жақсы білесіз, Қазақстан бұрын радиоактивті қалдықтардың,заттардың, радиолық сынақтардың алаңы болды. Ал оны біз дұрыстап тұрып мемлекет тарапынан реттеуіміз керек. Тек қана Қошқар атаның өзінде 52 млн тонна радиоактивті қалдық жатыр. Ондай қалдықтар біздің көптеген өңірлерімізде бар. Әсіресе мына медицина саласында, өндіріс саласында радиоизотопты пайдаланатын әр түрлі құрылғылар бар. Олардан да қалдықтар шығады. Осылардың бәрін мемлекет реттеу керек, себебі ол адам ағзасына өте қатты әсер етеді және ол онкологиялық аурулардың, адамдардың емделмейтін ауру түрлеріне алып келеді. Бұл қасіретке алып келуі мүмкін, - деді Жаңбыршин.
Кезінде бұл заңның "Атамекен" палатасындағы кәсіпкерлердің кедергісімен өтпей қалғанын айта келе депутат әрі қарай Үкіметтің жұмысы, ұлттық құндылықтар мен ЛГБТ жайында ой өрбітті.