Дағыстанда үш күнге қаралы күн жарияланды.
Аралас жекпе-жек шеберлері Хабиб Нурмагомедов пен Ислам Махачев Дағыстандағы террористік шабуылдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазба жариялап, қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.
Зардап шеккендердің жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Алла бәрімізді осындай жағдайлардан сақтасын, аспанымыз әрдайым ашық болсын. Өздеріңізге және жақындарыңызға абай болыңыздар. Сонымен бірге әркім айналасына көз салып, балаларының кіммен араласып жатқанына, олардың ортасы қандай екеніне мән беруі керек. Жан тәрбиесі тән тәрбиесінен маңыздырақ, - деп жазды Нурмагомедов.
Нурмагомедовтің досы, UFC-дің жеңіл салмақтағы қазіргі чемпионы Ислам Махачев те үнсіз қалмады. Ол Instagram-Stories-те көңіл айтып, жазба қалдырды.
Ислам діні жазықсыз жандарға зорлық жасауға тыйым салады. Адамға, оның ар-намысына немесе мүлкіне шабуыл болсын ешқайсына рұқсат жоқ. Ешнәрсе қан төгуге, адамдарды өлтіруге, мүлікке зиян келтіруге, тыныштықты бұзуға, жеке басқа қол сұғуға құқық бермейді. Адамгершілікке жатпайтын мұндай әрекеттерді дінмен байланыстырмаңыздар. Исламда мұндай нәрселерге қатаң тыйым салынған!, - деп жазды Махачев.
Еске салсақ, 24 маусымға қараған түні Махачкала мен Дербентте террористік шабуылдар жасалған. Салдарынан 15-тен астам полиция қызметкері мен бірнеше бейбіт тұрғын қаза тапты. Сонымен қатар Дағыстанда үш күн қатарынан қаралы күн жарияланды.
Дереккөз: kaz.nur.kz