Шетелдік блогерлер ашылуына арнайы шақыртылды.
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев мәжіліс депутаты Руслан Берденовке қатысы бар Sandyk мейрамханасының бюджет қаржысына жарнамаланағанынан еш әбестік көрмейтінін жеткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Мирас Төлебаев "Kazakh Tourism” ұлттық компаниясы Қазақстанға халықаралық блогерлерді тартумен айналыстанын атап өтті. Бұл Қазақстанды туристік бағытта әлемге танытудағы негізгі жұмыстардың бір бөлігі. Туризм саласына жауап бермейтінін айтқан Мирас Төлебаев осыған қатысты пікір білдірді.
Бұл жұмыстың аясында еліміздегі гастрономиялық туризмді насихаттау үшін Қытай Халық республикасынан блогерлер тартылғанын жоққа шығармаймын. "Sandyq" мейрамханасынан расымен, өзіндік ерекшелік пен қазақы болмыс байқалады: қазақтың ұлттық тағамдарының айтарлықтай кең ассортименті бар. Сондықтан мен бұл жерде ұят ештеңе көріп тұрған жоқпын, – дейді Мирас Төлебаев.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, қытайлық блогерлер Қазақстанға Aq Niet Group, Esentai Mall, Алматы, Астана қаласы және Ақмола облысы әкімдіктерінің қолдауымен тартылды.
Шетелдік блогерлер Алматы мен Астана қалаларындағы көрнекті жерлер мен ұлттық саябақтарды аралады. Олар "Sandyq" мейрамханасының ашылуына арнайы шақыртылды.
Еске салайық, “Sandyq" мейрамханасы – “Respublica” партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Руслан Берденовке қатысы бар "Aq Niet Group" ЖШС-нің жеке жобасы.