5-ші рет өткізілетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 85 елден 2000-нан астам адам келіп қатысады. Олар 21 спорт түрі бойынша бас сынасады.
Биыл күзде Астанада 8-13 қыркүйек аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Ал ауқымды іс-шараға дайындық барысы қалай жүргізіліп жатқанына шолу жасап көрелік, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алдымен айта кетейік, 5-ші рет өткізілетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 85 елден 2000-нан астам адам келіп қатысады. Олар 21 спорт түрі бойынша бас сынасады.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Фото: instagram.com/worldnomadgames2024
Жиынға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев қатысты.Туризм және спорт вице-министрі көшпенділер ойындарына дайындықтың аралық нәтижелері туралы айтты.
«Бүгін ойындарды ұйымдастырушылар мен бірлесіп ұйымдастырушылардың құрамы түпкілікті анықталды. Оның құрамына Қазақстан Республикасының үкіметінен басқа Дүниежүзілік этникалық спорт түрлері конфедерациясы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Түркі мемлекеттерінің қауымдастығы кіреді. Ұлттық спорт түрлері 29 сәуірде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қамқорлық көрсететінін растады, ал 20 маусымда ЮНИСЕФ пен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. ЮНИСЕФ 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми серіктесі мәртебесін алды», - деді ол.
Спорт нысандары ауқымды жарыстарды өткізуге дайын. 15 тамызда аяқталады деп жоспарланған «Алау» мұз сарайы мен «Астана Арена» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Қазанат» ипподромындағы құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталады. Мемлекет басшысының 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға кететін шығындарды азайту қажеттігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында ауқымды көктемгі су тасқынына байланысты ойындар бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Ойындардың ұзақтығы бір күнге қысқарды. Енді ойындар 8-13 қыркүйек аралығында өтеді.
Қатысушылар мен елдер саны да азайды. 2000-нан сәл астам қатысушы келеді деп күтілуде. Бүгінгі күні 89 ел ойындарға қатысатынын ресми түрде растады. Биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан Республикасы, Гамбия елдері алғаш рет қатысатыны белгілі болды. Спорттық бағдарламадан корейлік ссирьеум күресі алынып тасталды. Бірқатар спорт түрлері бойынша салмақ категориялары да төмендетілді.
Сондай-ақ, «Ұлы дала жорығын» қоспағанда, спорттың 10 түрінен тұратын көрмелік қойылымдар секциясы ойындар бағдарламасынан толығымен алынып тасталды. Қырғыз Республикасы мен Татарстан Республикасы басшылығының шұғыл өтініші бойынша спорт бағдарламасына қосымша екі спорт түрінен: қырғыздардың Көк бөрү ойыны және татар белбеу күресі Кореш бойынша жарыстар өткізілді.
Айтулы шараның Бас серіктесі – «Халық банкі», ал Бас демеушісі – «ALAGEUM ELECTRIC».
«Жалпы қаражат сомасы – 253 250 002 теңгені құрап отыр. Бұл қаражат жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық төлеуге, сондай-ақ ойынға қатысушыларға әуе билеттерін сатып алуға, марапаттау алаңдарын салуға, мерейтойлық медальдарды дайындауға және сертификаттар және т.б. мақсаттарға жұмсалады», - деді басқарма басшысы.
Ол Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына берілетін медальдарды БАҚ өкілдеріне таныстырды.
Фото: instagram.com/worldnomadgames2024
«Медалдар барлық спорттық жарыстарды бір шаңыраққа біріктір мағынасын білдіреді. Мұндағы белгілер Қазақстан халқының бірлігінің символы. Медальдардағы күн символы күнмен, өмірлік қуатпен және алға жылжумен байланысты. Медальдарда шабандоз бейнеленген. Дәстүрлі түрде қозғалысты, мақсатқа ұмтылуды және жеңісті білдіреді», - деді Найль Нұров.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев спорт саласында атқарылған маңызды істерді атады.
«Ойын барысында 21 спорт түрі бойынша 370 төреші төрешілік қызметін атқаруда. Бұған қоса, құрамында жетекші ғалымдар – ветеринарлар, биологтар, генетиктер, спорт психологиясы мен медицинасы мамандары бар, спортшылардың және 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама сапында ойнайтын спорттық аттардың функционалдық және психологиялық жағдайын бақылайтын екі жан-жақты ғылыми топ құрылды», - деді ол.