Магистранттар мен докторанттарға стипендия 15%-ға ұлғайтылады. Оның мөлшері тиісінше – 107 061 теңге және 240 000 теңге.
Қазақстанда студенттердің, магистранттардың және докторанттардың стипендиясы 1 қыркүйектен бастап көбейеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Премьер-министр Олжас Бектенов 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап колледждер мен ЖОО студенттеріне арналған стипендияларды арттыруды көздейтін Үкімет қаулысына қол қойды.
Колледж студенттері үшін шәкіртақы 50%-ға артып, жұмысшы мамандықтары бойынша стипендия мөлшері 43 574 теңге, орта буын мамандары үшін 41 896 теңге болады.
Бакалавриат студенттерінің стипендиясы 20%-ға артып, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың стипендиясы 75 600 теңгеге дейін ұлғаяды.
Интернатурада оқитындарға стипендия 85 376 теңге, ал резидентурада 123 122 теңге көлемінде төленеді.
Магистранттар мен докторанттарға стипендия 15%-ға ұлғайтылады. Оның мөлшері тиісінше – 107 061 теңге және 240 000 теңге.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 1 қыркүйекте шәкіртақы бакалавриат студенттеріне 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға көбейеді.
Жалпы, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап стипендияны көбейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖОО мен колледж студенттерінің стипендиясы екі есе, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есе өседі.