$ 498.34  519.72  4.85

Сайқымазақ тамадаларды әулие көріп тойына шақыратын қазақ оңбайды – профессор

Тамададан құтылған күнді қазақтың құлдықтан құтылған күні деп  белгілеуге болады.

Фото: ТойSTAR Event Agency/ ютуб-каналындағы видеодан алынды
Фото: ТойSTAR Event Agency/ ютуб-каналындағы видеодан алынды

Өткен аптада Тұрсынбек Қабатовтың қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Осы орайда, профессор Жамбыл Артықбаевтың асаба туралы толғауы тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Профессордың пікірін қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

«Екі-үш күн болды  ақсақал жасындағы бір адам мүзейді көремін деді. Келіңіз дедік.  Пенсияға жақында шықса керек, мінезі дуаналау,  негізгі мамандығым философия дейді, заманында Ресейде оқыған екен, кейін бизнеспен айналысқан, одан мардымды ештеңе шықпағанға ұқсайды.  Әр жерден теріп алған білім көп, бірақ жүйе жоқ.  Бір сағат бойы Ньютоннан бастап Гегель, Шопенгауер  т.б. құлағын шулатттық.  Әйтеуір Кантқа тиіскен жоқ,  бірақ өмір сүруі Кант ілімі бойынша сияқты. Абсурд, бірақ қазіргі қазақ Кант ілімін дұрысқа шығаратын эксперимент алаңы.

Әр түрлі әңгіменің құлағын шалған жаңағы философ қонағым әлемдегі үлкен ғұламалар туралы айта келе «кеше Тұрсынбек Қабатов  аэропланда стюардессалармен төбелесіп  абақтыға қамалыпты» дегені. Айтуына қарағанда белгілі тамада ішіп алып  әуелі боқтаған, кейін жұдырықтауға көшкен болуы керек.

Содан қонақ өз жөніне кетті, ал мен философияның әсерінен бірден құтыла алмай  «Қазаққа тамада нәмә керек?», «Тамада деген не өзі?» деп ойланып қалдым. Мүмкіндік болса философтан қашық жүрген жақсы, әсіресе Канттың таза сананы жоққа шығаратын ілімін ұстаушылардан.

Сонымен «тамада» деген не? Бұл қазақи ұғым емес, бізге гүржі тілінен 1970 жылдардан бастап кірген сөз, үйлену тойын басқарушы т.б. Бұл сөз орыстың арағымен бірге, «уже», «давай», «коротче» т.б. сөздеріне еріп келіп төрге шықты. Қазақ қазір 5-6 адамды үйіне қонаққа шақырса да тамада іздейді. Жоғарыда аты аталған Тұрсынбек ҚР-дағы ең қымбат тамдалалардың бірі. Бүгін өнер маңындағы інілерімнің бірінен әдейілеп сұрадым, бір той өткізу бағасы 10-15 мың доллар дейді. Олардың өзі кезекке тұрады дейді. Тұрсынбектің қандай өнері бар? Жақсы әнші ме? Жоқ,- дейді. Мүмкін күйші шығар? Жоқ, ол бұрыңғы КВН-шик, елді күлдіреді,- дейді.

О, Құдай тағала, сайқымазақты әулие көріп тойына шақыратын, оған Әзіл-ыржалақ театрын ашып беріп жүрген  қазақ оңбайды.

Жаңағы философтың әсері болар,  қазақ неге тамадашыл деген ойға баттым. Түсінгенім мәселе Тұрсынбекте емес, мәселе Совет заманында құл мінезді бойына сіңірген қазақтың өзінде. Ұлтарақ, Тұяқ, Тілегендерге бақташы керек, оның жан-тәні біреудің өзін үстінен басқарып, «әй, отыр», «әй, тұр», «әй, сөйле»  деп бұйрық беріп  тұрғанын қалайды.  Осы қазақтың енді келіп бізге демократия, өркениетті ел керек дегенін шынайы қабылдауға болады ма? Әрине, жоқ!  Сонымен ойланып-толғанып тамада қазақ қоғамының құлдық санасының индикаторы деген қорытындыға келдік.

Тойды тамадасыз өткізуге болады ма? Әрине! Қазақ тарихының біз жақсы білетін ХVІІІ-ХІХ ғасырларында тамада болған жоқ. «Тойға барсаң тойып бар» деп неге айтты қазақ? Себебі тойға тамақ ішуге бармайды, тойдың ойын-сауығын ел болып бәрі бірге атқарады, тойға келген бір адам қалыс қалмайды. Қазақта әр ауылдың өнерпаз қыз-жігіттері, пысық келіншектері болады, солар қандай той болса да дәстүрлі үлгіге салып өздері атқара береді.

Тамада әлемнің бізге туыс, жақын халықтарында бар ма? Бар, бұрынғы Совет жүйесіндегі, немесе Қытай сияқты тоталитарлық тәртібі күшті халықтарда  бар, Советтен тыс халықтарда жоқ. Мен осыдан 5-6 жыл бұрын Түркияда бір ауқатты түріктердің үйлену тойының куәсі болдым. Вилланың ресторанында 70-80 адамдай жиналған болар.  «Первое блюдо қайда?», «іш, тартып жібер», «ет келді- орын босат!», «тосты тыңдаңдар!» деген айғай жоқ, дастарханы кәдімгі фуршет. Тамада жоқ. Жас жұбайларды құттықтап жатқан, билеп жүрген, бір-бірімен әңгіме -дүкен құрып тұрған қонақтардың өзі. Міне, құлдық көрмеген елдің тойы осындай.

Тамададан құтылған күнді қазақтың құлдықтан құтылған күні деп  белгілеуге болады», - деп Жамбыл Артықбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 73
Ұнамайды 9
Күлкілі 2
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары