Емтихан тест форматында өтеді.
Тест қазақ тілінен бөлек, Қазақстан Конституциясы мен тарихы бойынша сұрақтарды қамтиды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілі және Қазақстан тарихы мен Конституциясы бойынша емтихан тапсырудың ережелерін әзірледі.
Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Емтихан тест форматында өтеді. Тест 100 сұрақтан тұрады. Оның ішінде:
қазақ тілі бойынша – 60, оның ішінде: тыңдалым бөлігі бойынша – 20, оқылым бөлігі бойынша – 40 сұрақ;
ҚР Конституциясының негіздері бойынша – 15 сұрақ;
Қазақстан тарихы бойынша – 25 сұрақ.
Қазақстан азаматтығын алу үшін жеткілікті шекті балл 60 балл болып белгіленді. Оның ішінде үміткер:
Қазақ тілінің тыңдалым бөлігі бойынша – кемінде 12 балл, оқылым бөлігі бойынша – кемінде 24 балл;
ҚР Конституциясының негіздері бойынша кемінде – 9 балл;
Қазақстан тарихы бойынша – кемінде 15 балл жинауы керек.
Тестілеуге берілетін жалпы уақыт 2 сағат 10 минутты құрайды.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға (мүгедектігі бар) тестілеу үшін қосымша 30 минут беріледі. Тест тапсырудан келесілер босатылады:
Кәмелетке толмағандар;
Әрекетке қабілетсіз адамдар;
Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі бар не Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе бойынша кәсіптерге ие және талаптарға сай келетін адамдар;
Этностық қазақтар;
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар адамдар.
Тестілеуге қатысу үшін өтініштерді қабылдау келесі мерзімдерде жүзеге асырылады:
10-20 қаңтар аралығы;
10-20 сәуір аралығы;
10-20 шілде аралығы;
10-20 қазан аралығы.