Жас жігіттердің үш жылға бас бостандығы шектелді.
Екі студент бұрышты газ баллонын қолданып, жеткізу қызметімен айналысып жүрген азаматтан жалпы сомасы 400 мың теңге тұратын тауарды ұрлап кеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларының мәліметіне сүйенсек, жергілікті оқу орындарында білім алып жатқан 19 және 22 жастағы екі жігіт жеңіл жолмен табыс табуды ойлаған.
Олар курьерге хабарласып, электронды шылым жеткізіп беруге тапсырыс түсірген. Ал курьер келген бойда екеуі оған тап беріп, бұрышты газ шашқан. Сөйтіп, оның қоржынындағы жалпы сомасы 400 мың теңге тұратын тауарды алып, тайып тұрған. Дейтұрғанмен полиция көп ұзамай қос «батырды» қолға түсірді.
Сотта айыпталушылар бұл қадамға екі достың бірінің қарызын жабу үшін барғандарын жеткізді. Кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін айтты. Сот барлық жағдайды, соның ішінде тауардың зардап шегушіге толық қайтарылғанын ескере отырып, екеуіне 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.