$ 495.2  522.34  4.94

Тоқаев қол қойған жаңа заң халық арасында құмар ойындарға тәуелділікті тоқтата ма?

Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.

Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

8 шілдеде ҚР президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Ал жаңа заңнан қоғамға не пайда, бұл салада еңбек етіп жүрген жандар не дейді? Тоқаев қол қойған заң аясында енді кімдер бәс тіге алмайды, қандай шектеу бар? Skifnews.kz тілшісі саралап көрді.

 «Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Ақорданың мәліметінше, заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілген.

Жаңа заңда қандай шектеу бар?

Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.

Енді кімдер бәс тіге алмайды?

«Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді», – делінген хабарламада.

Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың/бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді.

Бұған қоса, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино -, видео-және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.

Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға; спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде; спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде, сондай-ақ, олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады.

Заңнан қоғамға пайда бар ма?

Қоғам белсендісі, Алматыда есірткімен күрес және лудоманияға қарсы бағытталған «Narkostop» және «Вне игры» жобаларын жүзеге асыратын «Хақ-Назар» қоғамдық қорының төрағасы Нұржан Жакупов «Жаңа заң лудомандардың отбасын қорғауға көмектеседі» деп есептейді.

« Бұл заң жобасының біраз уақыттан бері талқыланып келді. Енді қабылданған заң қоғамға оң әсер етеді ойлаймын. Әсіресе, Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғаларға бәс тігуге тыйым салу – өте жақсы шешім. Өйткені адам бұл тізілімінде бола тұр құмар ойындарға қатысатын болса, бұл нағыз лудоманияның көрінісі. Айтылған заң лудомандардың отбасын қорғауға көмектеседі. Себебі мұндай адамдар өз отбасы мүшелерінің атынан жиі қарыз алады. Сондай-ақ букмекерлік кеңселерге спорт саласынан бөлек жерде жарнама жасауға шектеу қойылды. Бұл да дұрыс шешім, өйткені жарнама – жаңа адамдарды құмар ойын бастауға және лудоманиядан емделіп жүрген адамның ойынға қайта оралуына итермелейді. Осы шектеулерді ескере отырып қабылданған заңды тиімді деп айта аламын», – деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары