$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанда ақылы жолдармен жүру тарифі неге қымбаттайды?

Сарапшылар жолдар жүргізушілерге ауыртпалық салмауы тиіс деген пікірде.

Фото: liter.kz
Фото: liter.kz

Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифі басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен, ал жолдарды тиісті деңгейде күтіп-ұстау мәселесі өзекті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұлай деп Көлік министрі Марат Қарабаев сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында мәлімдеді. Тиісті ұсыныс қордаланған мәселені шешуге оң ықпал ете ала ма? Ұлан-ғайыр аумақта ақылы жолдарға балама неге әлі күнге дейін жоқ? 

«Республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдарды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Сондықтан, бюджетке артық салмақ түсірмеу мақсатында ақылы жолдарды енгізу жұмыстары жалғасатын болады. Бүгінде ақылы жолдардың жалпы ұзындығы – 3 мың 2 жүз шақырым. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды. Ол қаражат жолды күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалды. Реконструкциялаудан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп ұстау мақсатында биыл 2 мың шақырымнан астам 11 учаскеге кезең кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарланып отыр», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Министрдің дерегінше, елдегі ақылы жолдардың тарифі басқа елдерге қарағанда айтарлықтай төмен. 

«Осыған байланысты жолдарды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды толық өтеу үшін қолданыстағы тарифті 20 пайызға өсіру мәселесі пысықталып жатыр. Жергілікті жүргізушілерге тиісті жеңілдіктер қарастырылатын болады. Негізгі жүктеме ел арқылы өтетін транзиттік автокөліктерге бағытталады», - деп түсіндірді Көлік министрі Үкімет отырысында.

Автосарапшы Алексей Алексеев жолдарды салу және күтіп-ұстау мемлекеттің міндеті деген пікірде.

«Мемлекет біздің салықтарымыз бен аударымдарымызға халықты сапалы жолдармен қамтамасыз етуі керек. Қазіргі таңда жаңа жолдар салынып жатыр. Бірақ салынып жатқан жолдарды бірден ақылы қылады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, инвестор тартылатыны түсінікті. Меніңше, біз өзімізге жол сала алатын бай мемлекетпіз. Жолдарды салған кезде жүктердің, транзиттің қозғалыс мүмкіндігін ашамыз, туристерге елді танытамыз. Жақсы жолдар көп дүниеге әсер етеді. Бірақ бізде келесі тәжірибе таралып жатыр. Біз жақсы жол саламыз, мысалы, «Алматы-Өскемен» бағытында жақсы жол болған жоқ, енді ол ақылы болмақ. Яғни, қазір оны аяқтаған соң, жол ақылы болады. «Алматы-Астана» жолы да осындай. Алайда біз бұл жолдарды 30 жыл күттік, енді олар ақылы болады. Оған инвесторларды тартуға келсек, менің ойымша, біз өзімізге жол сала аламыз немесе оларды сапалы жасауға көмектесетін мамандарды тарта аламыз», - деді ол.

Адамдардың табысы тарифтердің көтерілуі сияқты артып жатқан жоқ, деп атап өтті сарапшы.

«Бізде тариф төмен, оны мойындау керек. Бірақ соған қарамастан ол АЕК-пен қатар өсіп жатыр», - деп түсіндірді Алексей Алексеев.

Автосарапшыдан неліктен елде ақылы жолдарға балама жоқ екенін анықтап білдік.

«Негізінде ақылы жолдар салынатын жерде тегін балама болуы керек деген заң бар, мүмкін ол бізде жоқ шығар. Қазір «Алматы-Өскемен» бағытында жол салынып жатыр, ол ақылы болады. Оған балама қайда? Балама жоқ. «Алматы-Астана» автожолында да сол. Мысалы, Қапшағайға басқа – ескі жолмен баруға болады. Бірақ тағы да адамдарды жаман жолмен жүруге жібереміз. Әрине, 20 пайыз жоғары баға емес. Өткен жылмен салыстырғанда АЕК-пен бірге баға өсті. Қазір бағаны көтереді, кейін тағы да өсіреді. Жолдар жүргізушілерге ауыртпалық салмауы тиіс», - деді спикер.

Қазақстанда ақылы жолдарға балама неге жоқ?

«Ақылы жолдардың енгізілгеніне біраз уақыт болды. Егер шатаспасам, одан бері баға өспеді. Бірнеше жылдан кейін бағаның 20 пайызға өсуін ақылға қонымды шешім деп санаймын. Себебі кез келген автожолды пайдалану өте көп шығынды қажет етеді. Әлемнің бірде-бір елі жолдарды күтіп-ұстауға қажет барлық қаражатты бөле алмайды. Сол себептен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және ақылы жолдар сияқты құралдар қолданылады», - деді Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков.

Қазақстанда ақылы жолдарға балама неге жоқ?

«Мүмкін теориялық тұрғыдан балама нұсқалар бар шығар. Бірақ заң деңгейінде «ақылы жол» ұғымын енгізу туралы мәселе шешілген кезде заң жобасының алғашқы нұсқаларында тегін балама жолдың болуы міндетті қажеттілігі туралы талап болған. Бірақ кейін мамандар мен депутаттардың талқылауы барысында Қазақстанда әрбір ақылы жол үшін тегін баламаның қандай да бір түрін ұсыну және қамтамасыз ету мүмкін емес екені, оның құрылысы көп ақша қажет ететіні айтылғаны есімде. Қазір нақты айта алмаймын, себебі бұл бірнеше жыл бұрын болды. Бірақ содан кейін тегін балама (жолдың) болуы туралы талап алынып тасталды. Заң бойынша қазір Қазақстанда тегін балама жолдың болуы бойынша талап жоқ, тиісінше кез келген жолды ақылы етіп жасауға болады», - деді сарапшы.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифі 20 пайызға өсуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың сөзінше, республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдарды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары