Әр жәбірленуші 50-700 мың теңге аралығында қаржы берген.
Ақтөбе қалалық сотында 170-тен астам адамға жұмыс тауып беруге уәде етіп, қызметі үшін 50-700 мың теңге көлемінде ақша алған екі сотталушыға үкім шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Олардың бірі 6, екіншісі 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мұнай компаниясына жұмысқа тұрып, жоғары жалақы алмақ болған адамдар алданып қалды. Ақтөбе қалалық №2 соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі сотталушыға қатысты іс Қылмыстық кодекстің “Алаяқтық” бабы бойынша қаралды.
Іс материалына сүйнсек, М және А 2022 - 2023 жылдары аралығында тұрғындарға Атырау облысында орналасқан кен орнына вахталық әдіспен жұмысқа орналастыратынын айтып, сендіреді. Әр жәбірленушіден 50-700 мың теңге аралығында ақша алып, нәтижесінде 172 жәбірленушіден жалпы 40 миллион теңге иемденген.
Сотталушының бірі бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін сотталған болып шықты.
Соттың үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, А 6 жыл мерзімге, ал М 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот сотталғандарды коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындады. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды,- деп хабарлады Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.