Бірқатар балабақшада бұрын сотты болған адамдар қызмет еткен.
Прокурорлар Жетісу облысындағы балабақшаларда қауіпсіздік саласындағы көптеген заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жетісу облысының прокуратурасы білім беру мекемелерінде балалар үшін қауіпті 200-ден астам заң бұзушылықты анықтады.
“Мәселен, Сарқан, Қаратал және Панфилов аудандарындағы 12 балабақшаның жанында жаяу жүргіншілер өткелдері мен "Балалар" белгілері жоқ. Сарқан және Алакөл аудандарындағы екі балабақшаның аумағы толық қоршалмаған. Бұл бөгде адамдар балабақшалар аумағына кедергісіз кіреді деген сөз. Панфилов ауданының 55 жеке балабақшасында "Шақыру дабыл түймесі" жүйесі жоқ. 40 балабақшада өрт қауіпсіздігін хабарлау жүйесі жұмыс істемейді, ал 2 балабақшада олар мүлдем жоқ”, – деп жазды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Алакөл, Ескелді және Сарқан аудандарының жеті балабақшасында бейнебақылау камераларының көбі жұмыс істемейтін болып шықты. Ал Ақсу, Сарқан аудандары мен Текелі қаласының 9 балабақшасы өз қызметін мерзімі өткен санитарлық қорытындылар негізінде жүзеге асырды. Ал кейбір жағдайларда мерзімі өткен медициналық препараттар сақталған. Одан бөлек Ақсу ауданының 8 балабақшасында ішек таяқшалары табылды.
Сонымен қатар бірқатар балабақшада бұрын сотты болған адамдар қызмет еткен.
“Еңбек заңнамасының (Еңбек кодексінің 26-бабы) талаптарына қайшы, облыстың балабақшаларында бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған 11 адам жұмыс істеген. Сондай-ақ прокурорлар Кербұлақ ауданының балабақшаларында жалпы сомасы 25 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтады, олар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – делінген хабарламада.
Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша оларды жою туралы 22 қадағалау актісі енгізілді, 40 адам әкімшілік, 7 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.