9-сыныптан бастап киноға түскен Сағи, жалпы саны 30-ға жуық фильмде түрлі рөлдер сомдапты.
63 жыл бұрын (1961-1999) актер, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сағи Асанәліұлы Әшімов дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматы қаласында туған. Алматы театр және кино институтын бітірген.
Кинодағы ең алғашқы рөлі – «Өз дәніңді өсір» фильміндегі Қалам. Кейін «Мазасыз балалардағы» әкім, «Ойлануға бір айдағы» Арыстан, «Қаралы сұлудағы» қызметші, «Айсұлу жайлы аңыздағы» Тәуекел хан, 4 сериялы «Шоқан Уәлиханов» телефильміндегі Шоқан, қазақтың тұңғыш көпсериялы «Тоғысқан тағдырлар» телефильміндегі Темір Сабыровтың рөлдерін сомдаған.
9-сыныптан бастап киноға түскен Сағи, жалпы саны 30-ға жуық фильмде түрлі рөлдер сомдапты. Бірақ оның атағын аспандатқан рөлі – Шоқан. 22 жасында сомдаған осы рөлі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған. Шоқан туралы фильмнің режиссері – Асанәлі Әшімовтің өзі. Бірақ, Асағаң: «Сағиды бұл рөлге алмаймын», – деп, қитыққан екен.
Түсіру тобының өзге мүшелері: «Сағидан басқа актер бұл фильмге түсер болса, біз жұмыс істемейміз», – деп қарсылық білдіріпті. Амалсыздан Сағимен жұмыс істеуге тура келеді.
Сағи режиссер әкесімен жұмыс істеймін деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылыпты. Тәулігіне 4-5 сағат қана ұйықтап, 8 келі салмақ тастапты.
Сонда Асағаның анасы Тәжіхан: «Сағиды неге бұл рөлде ойнатасың? Әлдеқашан сүйегі қурап қалған әруаққа тимесеңдерші, жаман ырым ғой», – деп шыр-пыр болыпты. Анасының сөзіне сол сәтте мән бермеген Әшімов қазір өкініш білдіреді.
«Мен баламды азапқа салдым. Бірде оған қалжыңдап: «Ендігі межең – Абылай», – дедім. Сағи болса: «Шоқаннан ауыр бола қоймас», – деді. Осы сөзді бекер айтқан екенмін. Менің өмірімде болжап айтқан сөзім ылғи кері орындалатын. Балаларым мені ешқашан «папа» деген емес, «аға» дейтін. «Папа» дегізуге шешемнен батпадым. Сағи: «Аға, сізбен бірге үлкен бір рөлде ойнасам арманым жоқ», – дейтін. Бізге арналған киносценарий де дайын еді, тек үлгермеді.
Сценарий желісі бойынша мен – суы тартылып қалған Арал теңізіндегі кеменің капитаны, ол ғарышкердің рөлін ойнайтын. Біріміз – туған топырағынан табан тайдырмайтын әкені, біріміз – арманы асқақ баланы сомдайтын болғанбыз. Ол да кері кетті», – дейді Асаға.
«Сағи Шоқанды сомдап, Шоқан тағдырын құшқан актер» деген досы Әмір Смайыловтың сөзін еріксіз тілге тиек етуге тура келеді. Шоқан Уәлиханов – 30, оның экрандағы бейнесін сомдаған Сағи – 38 жыл ғұмыр кешіпті…
Ғасырда бір туатын талант бар қазақтың сағынышына айналды. Себебі, ол аққан жұлдыздай жарқ етіп өнер көгінен бір көрінді де қайта оралмасқа, «барсакелмес» сапарға аттанды.
Бір ғана Шоқан бейнесімен-ақ тарихтың қойнауына сүңгіген дарынды азамат.
Нағашы атасы атақты Шәкен Аймановтың өзі бала Сағидың (ағасы Мәдиге қарағанда) пысық, шапшаң екендігін байқап оның болашағынан зор үміт күткен. Шамасы, ойын баласы Сағидың: «Атам народный, әкем народный, шешем де осал емес. Мен солардан қаламын ба?»,- дегенін режиссер жақсылыққа жорыған болар. Иә, өзі айтпақшы, «Анасы да осал емес»...
Аспанда Ай жалғыз, жерде Майра жалғыз еді. «Майраның әнін» Шәмші Қалдаяқов жазды. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Майра Шәкенқызы ақылына көркі сайы, отбасы үшін, ондағы сахна саңлақтарының биік болуы үшін өзін құрбан еткен кеңпейіл жар, аяулы ана. Сағи үшін анасы идеал болатын. Әрине, әр бала үшін өз анасының алақанан ыстық ештеңе жоқ шығар?!
Сағи Әшімовтың рөліне шынайылық тән еді. Асанәлі Әшімовтың режиссерлігімен түсірілген «Шоқан Уәлиханов» фильміндегі Шоқан образы - соның айшықты дәлелі. Шоқан Уәлихановтың образы үлкен жауапкершілікті талап етті. Өйткені біртуар тұлғаның бейнесін кинофильмде оған дейін Нұрмахан Турин сомдаған еді.
Әке мен баланың тандемі «Шоқан Уәлиханов» фильмінің сәтті шығуына себеп болғаны анық. Осы рол үшін Сағи Әшімов не бәрі 25 жасында мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. 38 жасында жарқ етіп, сөнген актердің бейнесі есімізде мәңгі қалады.
Сағидың курстасы Болат Әбділманов: «Сағи студент кезінде Шоқанды ойнады. Ол институт бітіргесін, «жұлдыз бола тұра, Мемлекеттік сыйлықты ала тұра, 1 жарым жыл «Отарда» әскери борышын өтеді. Әскерден қалып қоюға Асекең мен өзінің атақ-беделі де жететін еді. Бірақ, ол өзінің азаматтығын бәрінен жоғары қоятын», – дейді.
«Асанәлі Әшімовтің баласы» дегізбей, барлық жетістікке өзі жеткісі келіпті.
Бақытжан Әлпейісов Сағиды ең соңғы рет көргенде: «Асанәлі Әшімовтің баласы болу оңай емес. Әрқашан әкемнің көлеңкесінде қалып қоямын ба деген қауіп тұрады көкейімде», – деген екен.
Мектептегі аттестатына «үштікті» толтырған Сағи Көркемсурет және өнер институтына түскенде намысқа тырысып, әртістердің арасында сөзге қалмауды ойлап, қызыл дипломмен бітіріпті. Сонда Асағаның әкесінің інісі Қасым: «Біздің тұқымда бірінші рет Сағижан қызыл дипломмен институт бітірді», – деп көзіне жас алыпты. Ол кезде «қызылға» бітіргендер бірден Әуезов театрына жұмысқа қабылданады екен.
1987 жылы Асанәлі Әшімов театрдың директоры болып келгенде, Сағи «әкемтеатрда» істепті. Бір күні бастық әкесінің кабинетіне кіріп: «Аға, мен жұмыстан өз еркіммен кетемін. Сіздің атыңызға сөз ерткім келмейді. Әріптестерім маған бұрынғыдай қарамайды. Үстерінен кіріп келсем, айтып отырған әңгімелерін тоқтатып, жым бола қояды. «Сәке» деп сызылып сәлем беретінді шығарды», – деп арыз жазып, шығып кетіпті. Сөйтіп, Әшімов директор болып, бірінші бұйрықпен өз баласын жұмыстан босатыпты.
«Сағи әкесінің атын шығармашылықта пайдаланбайтын, пайдаланса – тұрмыстық дүниелерде ғана пайдаланатын. Мысалы, ұшаққа билет болмай қалса немесе қонақүйге барғанда «орын жоқ» десе, «Сәлеметсіздер ме? Сіздерге әкем Асанәлі Әшімов үлкен сәлем айтып жатыр», – деп біздің проблемамызды оп-оңай шешіп беретін.
Сағидың өмірінде әдемі әйелдер аз болмаған көрінеді. Отбасылық өмірі туралы достарынан сұрағанымызда: «Шаттыққа толы болмады», – деп бір ауыз сөзбен қайырды бәрі. Сыр суыртпақтап, әркім-әркімнен сұрастырғанымызда бірінші әйелімен арада бала болмай, ажырасып кеткен. Екінші қалап алған жары – «Айсұлу жайлы ертегідегі» Айсұлуды сомдаған Сәуле Жомартова екен. Сәуле – балет бишісі болған. Сағидың сұхбаттарынан байқағанымыз, Сәуле отбасынан гөрі карьерасын биік қойыпты. Бірақ бет тырнасып, көріспестей болып кетпеген. Сағи өмірден өткенше Сәулемен дос болып, араласып тұрыпты. Сәуле қазір Бельгияда тұрады.
Үшінші алған жары – ұйғыр қызы Сәнімгүл. Қарапайым шаштаразшы болыпты. Оны елдің бәрі Соня атап кеткен. Сағи өмірден өтетінен екі жыл бұрын Соня егіз ұл мен қыз сыйлапты. Әкесінің қалауымен егіздерінің есімін Майра, Аңсар деп атапты.
Әйгілі актер Асанәлі Әшімов жары Майра апамыз дүниеден өткен соң (1993 жылы) бейітінің басына анасы Тәжіханды, баласы Сағиды және бірнеше кісіні ертіп келіп, құран бағыштапты. «Кеңсайдағы» кілең ығай мен сығайдың қатарында жатқан Майра Шәкенқызының жанынан Асанәлі аға екі орын алып қойыпты. «Кейін Майраның жанына шешеміз екеумізді жатқызасыңдар», – депті. Сонда Сағи: «Ал менің орным қайда?», – деп сұрапты. Асағаның түрі қудай болып: «Тәйт! Бұл жерге сен жатпайсың! Сенің өмір шырағың алда!» – деп тыйып тастапты. Бірақ сол екі орынға араға алты жыл салып, Әшімовтің екі ұлы жайғасыпты. 1999 жылдың басында үлкен ұлы Мәди, қазан айында Сағи бірінің артынан бірі өтіпті өмірден… Асағаның анасы Тәжіхан апа 2001 жылы қайтыпты…
Бұл жолдар арқылы ұлы актердің жан жарасын қайта тырнағымыз келмейді. Бірақ біз сағым болған Сағиды сағынамыз. «Әттең, егер Сағи болғанда, Мұстафа Шоқайды қырғыз Әзиз Бейшенәливке ойнатпас едік. Осы рөлді Сағи қатырып алып шығар еді. Сағидың түр-тұлғасы да, таным-түсінігі де Мұстафаға жақындау сияқты…» – деп ойладық біз. Шерағаңша айтсақ, бұл да «бір кем дүние» болды.
Асанәлі Әшімов өмірде тіл мен көздің барына сенеді. Екі ұлының қатарынан кетуін Әшімов дәл осымен байланыстырады.
"Тіл-көзге сенемін, тіпті көз жеткіздік десем болады. Менің жанұяма тіл тиді деп жаздым да. Екеуінің еш себепсіз қатар кетуінен солай ойладым", – дейді актер.
Әшімов ұлы Мәдидің соңғы демі шығарда жанында болған. Сонда ұлына қарап, өзінің қаншалықты шарасыз екенін түсінген. Кеңес заманында Құдайдың жоқ екеніне сеніп өскен актер ұлдары қайтыс болған соң, ойының өзгергенін атап өтті.
"Біз атеист болып өстік қой. 70 жыл бізге Құдай жоқ деп үйретті. Бірақ екі балам кеткенде Құдайдың бар екенін сездім. Мәдиім ауырып жатқанда: "Аға, уайымдамаңыз, 20 күннен кейін шығамын", – деді. Одан 20 күн өткен соң, жағдайы ауырлады. "Балам-ау, мынау не?" дегенде, "Жай әшейін" деп мені тыныштандырды. Ең соңғы тілі байланып жатқанда маған ұзақ қарады. Сонда: "Аға, сіз құдіретті едіңіз, мені құтқару қолыңыздан келмеді ме?" дегендей болды. Маған Құдайдай сенгені ғой. Ал Сағи аяқ астынан кетті. Бөлек тұратын. Үйге келіп қонып, апаммен екі сағат сөйлесіп, ваннаға ұзақ түсті. Залға жатайын деп төсек салып, жатып қалды. Содан таңертең тұрмай қалды ғой. Мәдиім екі айдай ауырды. Аралары 1,5 жас еді, біреуі жылдың басында, біреуі соңында кетті. Обал болды", – деп көзіне жас алды Әшімов.
Актер ұлдарының өліміне өзін кінәлайды.
"Кейбір жасаған күнәларым үшін Жаратушы солай жазалады" деп ойлайды. "Кейде өзімнен көремін. Даңдайсып кетіп қалған кездеріміз болды. Алла Тағала кішкене қағып жіберді ма деймін. Атақ-абыройлар көтеріп жіберген кездер болды. “Мә саған” деп көрсетейін деп төбемнен бір-ақ ұрғандай", – дейді Асанәлі Әшімов.