Бұл әскери қызметкерлерге де қатысты болады.
Ойын бизнесі туралы заңда құмар ойындарға қатысу және бәс тігулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер тізіміне енгізілген. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жеке тұлғалардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуды өз бетінше шектеуінің ең ұзақ мерзімі 10 жылға дейін ұлғайтылды. Бүгінде тізімде 140 мыңнан астам адам бар», - деді Мирас Төлебаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұдан бөлек мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынады.
«Заңда құмар ойындарға қатысу және бәс тігулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер тізіміне енгізілген. Теріс себептер бойынша тәртіп бұзушылар жұмыстан шығарылады. Тыйымның орындалуын мемлекеттік органдардың кадр қызметі, Антикор және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қадағалайтын болады. Қазір осы норманы заңға тәуелді актілер деңгейінде іске асыру тетігі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді спикер.