22.07.2024, 02:30

Қазақтың жері қайда? – Депутат билікке сауал қойды

Фото: egemen.kz

Жер берем деп шақырған Қазақстанның үкіметі алдап кетті деп отыр.

 

Депутат Ермұрат Бапи атқарушы биліктен «Қазақтың жері қайда?» деген сауалға жауап беруін талап етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Бурахан Даханов атты азамат Солтүстік өңірдегі мал шаруашылығымен айналыса алмай отырған қандастардың негізі мәселесі – жердің жоқтығы екенін жариялаған еді.

Қытайда қоралап мал айдаған ағайын,  мында келіп екі үш сиыр,  төрт бес жылқы,  20 шақты қойдан аса алмай отыр.  1 жарым миллиард Қытайдың арасында тұрып,  қыста қыстауы,  жазда жайлауы,  күзде күзеуі болған ағайынның, жер көлемі әлемдегі тоғызыншы орын алып,  халқы саусақпен санарлық Атамекеніне келгенде 20 гектар жер ала алмай қалғаны көңіліме қатты батты шыны керек. Келгендеріне 6 жыл болғандарыда бар. Жер берем деп шақырған Қазақстанның үкіметі алдап кетті деп отыр. Ал осы ойларын шеттегі қандастарға жеткізсе, бұл елге кім келмек?

 Енді достығымдағы билікте отырған ағаларға сұрақ,  жыл сайын ойбай екі миллион жер қайтты, 5 миллион гектар жер қайтты деп жатыр,  солар қайда кетіп жатыр,  әлде бір байдан алынып бір байға беріліп сапырылысып тұрма? Резервтегі жерлер қайда? Жер қайда өзі? - деп жазды қоғам белсендісі.

Сондай-ақ жазба авторы «ең болмағанда жабылғалы тұрған ауылдың жерін берсе, 5 жылда гүлдендіріп шығарар едік» деген қандастардың ұсынысын жеткізді.

Мына мал шаруашылығына әбден епті қандас ағайынға солардан неге бермейсіздер? Бұлар айтады,  бір жабылғалы тұрған ауылды,  шекара тұсынан болсада жер перімен беріңдерші,  5 жылда гүл қыламыз,  қытайдан қарызданып болсада техника алдырып өзіміз жыртамыз,  егеміз,  малымызды бағамыз.  Ертеңгі күнімізге сенімділік болсын,  жер беріңдерші деп отыр. Мұны қалай шешеміз??  Кім жауапты бұған? – деп ашынды Бурахан Даханов.

Оның көтерген мәселесін қолдаған депутат Ермұрат Бапи атқарушы билікке жауап беруін талап етіп, «Қазақтың жері қайда?» деп сұрақ қойды.