Барлығы үш бас жүлде – При Версаль, Интерьер және Экстерьер бағыттары бойынша сынға түседі.
Шілде айында ЮНЕСКО-ның сәулет саласындағы дәстүрлі Prix Versailles сайысы аясында әлемдегі ең әдемі 16 мейрамхананың тізімі жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тізімге Франциядан Қазақстанға дейінгі әлемнің түкпір-түкпірінен жаңа мейрамханалар, соның ішінде Бразилия, Корей, Италия, Қытай және Коста-Риканың гастрономиялық жобалары енді.
Сайысқа ұсынылғандар арасында Dubai Atlantis The Royal қонақүйінде орналасқан Ariana's Persian Kitchen мейрамханасы да бар.
Forbes.kz басылымының жазуынша, олардың барлығы При Версаль, Интерьер және Экстерьер бағыттары бойынша үш бас жүлде үшін сынға түседі. Жеңімпаздар қараша айында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде жарияланады.
Марапат авторлары сайысқа қазақы үлгіде безендірілген «Ауыл» мейрамханасын ұсына отырып, оның орналасқан тарихи ғимаратына да баса назар аударды.
"Ауыл" кеңестік модернизм сәулет ескерткішінің ішінде орналасуына байланысты Қазақстанның жаңа тарихы мен ежелгі мәдениетінің тамаша үйлесімін білдіреді, - делінген Prix Versailles сайысының ресми сайтында.
Мейрамхана Қазақстан Республикасын Кеңестік үкімет кезеңінде біраз жыл басқарған Дінмұхамед Қонаевтың шетелдік қонақтарды қабылдаған резиденциясында орналасқан.
Бас аспаз Руслан Закиров пен дизайнерлер NAAW және Dunie Design ашық асүйдің айналасында керемет кеңістіктер жасады, деп толықтырды сипаттама авторлары.
«Ауыл» мейрамханасы Орталық Азия тағамдарының заманауи интерпретациясын ұсынады. Оның интерьерінен көшпелі және тәңіршілік дәстүрлерінен шабыт алғанын байқауға болады.
Prix Versailles - әлемдегі ең жақсы заманауи жобаларды көрсететін сәулет байқауы. Мұнда қазылар алқасы әуежайлар, кампустар, жолаушы станциялары, спорт ғимараттары, мұражайлар, сауда орталықтары, қонақ үйлер мен мейрамханалар сияқты әр түрлі бағыттағы сәулет өнерін бағалап, 24 бағыт бойынша жеңімпазды анықтап, марапаттайды.