$ 478.96  533.03  5.22

Ешқашан кеудесін керіп, қазіргі ата-аналар секілді өзіне жарнама жасаған жоқ — Роза Рымбаева әкесі жайлы

Көзімізді ашқаннан әкемнің еңбек адамы екенін ұғындырды.

Фото: 365info.kz
Фото: 365info.kz

ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Қуанышқызы Рымбаева “Ұждан” әкелер алаңына берген сұқбатында әкесінен алған тәрбиесі жайлы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Абзал әкем, асқар тауым әрдайым менің бастаған ісіме қолдау танытып, талабымды ешқашан шектемейтін. Бала кезімде өз еркіммен көркемөнерпаздар үйірмесіне және музыка мектебіне барғаныма да қарсылық танытқан емес, — деді әнші.

Әнші әкесі Қуаныштың бар мақсаты отбасын жеткізу, бала-шағасына өсіру, оқыту болғанын жеткізді.

Отбасында сегіз баламыз. Сол сегіз баланы асырап, оларды жетілдірді. Артындағы ұрпағының қызығын көрді, еңбегі ақталды. Бала кезімде таң сәріде кеткеннен кеш ауа үйге шаршап келетін әкемнің алдына анам дәмді тамағын дайындап, “әкелерің келе жатыр” деп бізді тәртіпке шақыратын. Сол сөзді санамызға сіңіріп, бала болсақ та жауапкершілікпен қарайтынбыз. Әкені қадірлеу, қастерлеу отбасынан һәм анамыздан басталады. Анамыз әкемізді құрметтесе, балаларды да соған үйретті. Көзімізді ашқаннан әкемнің еңбек адамы екенін ұғындырды. Барлық тапқанын отбасына әкелу, балаларын асырау, өсіру және оқыту еді. Бұл — кез келген отбасыдағы әкенің мақсаты, — деді Роза Қуанышқызы.

Роза Рымбаеваның айтуынша, ата-анасы концерттеріне келгенде көзіне жас алып тамашалайды екен. Өнер саласының майталманы бүгінгі күні ата-анасынан алған тәрбиесін балаларына үлгі ететінін жеткізді.

Әкем менің жетістігімді, жоғарғы атақ алғанымды көрді. Анам екеуі менің концерттерімді көзіне жас алып, үндемей қарайтын. Ешқашан Роза Рымбаеваның әкесімін деп кеудесін керген емес. Қазіргі ата-аналар секілді теледидар да, инстаграмда өзіне жарнама жасаған жоқ. Ол баламның өзінің қызметі, өзінің еңбегі деп сыртымыздан қуанып отыратын. Үйдегі барлық балаларының жетістігіне іштей қуанып, сыртқа жариялап, тойлатқан емес. Розаның ата-анасы деп сыйлап жатса, сол адамдармен ел қатарлы араласатын. Өте қарапайым адамдар болған. Өзінің таза еңбегімен өмір сүрді. Балаларында таза жолмен өсірді. Бізде енді балаларымызға сол жандардың берген тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіруіміз керек. Халқымыз, мемлекетіміз осы отбасынан басталады. Отбасындағы бақыт, жарасымдылық айналаға әсер етеді. Біз оны ауылдағы отбасылардан көріп,өстік. Олардан ажырасу, бір-бірін ренжіту дегенді естіген емеспін. Ауызбіршілігі мықты ауыл болды. Менің әкем ауылдың ақсақалы, үлкені болды, — деп еске алды әнші.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 54
Ұнамайды 2
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары