Ұрса ұрыңдар, тепсе тебіңдер! Таяғын жеп жүрмеңдер!
Белгілі блогер Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарымен сыр шертісіп, олардан ене мен келін арасында болған қызықты оқиғаларын баяндауды сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Белгісіз бір келіншек күйеуі өзін өртеп жібере жаздағанда енесі араша түскенін айтты.
Жолдасым ішіп келіп ұрып, басымды жарған. Қанын жуайын деп шықсам, бір құты жағармайды үстіме құйып, сіріңкені жағайын деп жатқанда енем келіп қалды. Мені өзінің артына тығып, бірінші мені өрте, мен өлсем артымда мені жоқтап, шелпек пісіріп, құран бағыштап отыратын сен емес. Осы қызымдай - келінім. Ең тәтті сөзі осы болатын, деп жазған оқырманы.
Оқырманының оқиғасы ойландырған Ырысбала мұндай сорақылыққа шыдамауға кеңес берді.
Осы неге біз әйелдер сорлымыз? Кінәміз не? Әйел болып өмірге келгеніміз бе? Ішсе де басымызды жарғызып одан сорақысына жол береміз? Тағы әйел кінәлі болды ма? Ұрса ұрыңдар, тепсе тебіңдер! Таяғын жеп жүрмеңдер! Ол еркек болсын, басқа болсын. Әлің келмесе заң қызметкерлерін шақыр. Мейлі, бетпақ бол, көкбет бол. Таяқ жеме. Айтқан адам айта берсін. Ертең таяқ жеп өлсең сол айтқандар өтірік жылап, артынан түк болмағандай палау жеп отырады. Сені қан жоса қылып ұрған адаммен қайта бір төсекте жатудың өзі өлімнің бір түрі шығар, деп жауап берді блогер.