Рухани мешеулікке жеткізетін зиянды әдеттерден бас тарту – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қауіпсіздігі жоғары, бейбіт елде мәдениет, әдебиет, өнер мен ғылым, спорт дамып, жандана түседі. Қауіпсіздіктің бір қыры – әскери күштердің жоғары деңгейдегі дайындығы болса, екінші бір қыры – қоғамда адамдардың өзін сенімді сезінуі, еркін әрі батыл қадамдар жасауы. Бұл әрбір өркениетті ел үшін әрдайым өзекті болмақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
2021 жылы осы мақсатта бекітілген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының негізгі мақсаты да елдің тұрақтылығы мен дамуына жағдай жасау еді. Бүгінгі таңда жоба заң жүзінде күшін жойғанымен, қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында көптеген іс-шаралар әлі де жалғасын тауып келеді.
Тәуелділік тудырып, рухани мешеулікке себеп болатын зиянды әдеттерден бас тарту да халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әсер ететін факторлардың бірі.
Бүгінгі таңда ішімдіктен бас тарту, есірткі тарату жолдарын тыю бағытында біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша соңғы көрсеткіштерге сәйкес республика бойынша жүзге жауық елді мекен ішімдіктен толықтай бас тартқан.
Қазақстанда жалпы 97 ауыл ішімдіктен бас тартқан. Қарағанды облысында – 50 ауыл, Түркістан облысы – 7 ауыл, Қостанай облысы – 6 ауыл, Ақтөбе облысы – 5 ауыл, Жамбыл облысы – 5 ауыл, Ақмола облысы – 5 ауыл, Солтүстік Қазақстан облысы – 5 ауыл, ШҚО – 4 ауыл, Қызылорда облысы – 3 ауыл, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары – 2 ауыл, Маңғыстау, Жетісу, Павлодар облыстары – 1 ауыл. Бұл – шағын ауылдар. Ондағы тұрғындар «енді ішімдік ішпейміз» деп шешім қабылдаған. Өздерінің бастамасы, - деді ол Сенат отырысынан кейін.
Осындай бастама көтеріліп жатқан соң арнайы мониторинг жүргізген Ішкі істер министрлігі аталмыш өңірлерде құқық бұзушылық едәуір азайғанын, тіпті бірнеше есеге дейін төмендегенін тіркеген.
Сондай-ақ есірткі сатуды кәсіп еткен қылмыскерлермен күрес үдеп, қазіргі таңда 169 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жүргізілуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен жылы есірткі өндіретін 36 астыртын лаборатория табылып, жойылғанын мәлімдеді.