04.08.2024, 19:30

Қостанайдағы жантүршігерлік зорлық: жасөспірімдердің жазасы қандай болмақ

Фото: Pixabay

Ерекше бақылауды қажет ететін отбасыдан шыққан құқық бұзушылардың жасы кішкентай.

Қостанайда кәмелет жасқа толмаған үш жасөспірім бір қызды алдап шақырып, болған жағдайды ешкім білмес үшін оған бір қап ойыншық берген. Кейіннен олар бес жастағы бүлдіршінді зорлаған болып шықты. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы сұмдық оқиғаның мән-жайына егжей-тегжейлі тоқталмақ. 

Бұл туралы #НеМолчиKZ қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің желідегі парақшасында жазды. Қор жетекшісіне қостанайлық жалғызбасты ана көмек сұрап келген. Оның айтуынша, 8, 12 және 13 жастағы жасөспірімдер 5 жастағы қызын зорлаған. 

6 шілде күні анасы қызына велосипед алып берген. Оны аулада құрастырып жатқанда қызды көрші бала үйдің артына алып кеткен. Қызын таппай қалған әйел оны ұзақ уақыт іздеген. Бірде ол қызының кір, ұйпа-тұйпа күйде бір қап ойыншық ұстап келе жатқанын көреді. Қорқып кеткен анасы оған ұрысқан көрінеді. Бұл – көп ата-аналарда жиі болатын реакция. Сондықтан психологиялық және құқықтық тұрғыдан сауатты болу керек. Бірақ қыз анасына болған жағдай туралы ештеңе айтпаған, – деп жазды Дина Таңсәрі. 

Жантүршігерлік жағдай туралы 20 шілде күні белгілі болды. Жәбір көрген қыз барлығын атасына айтып берген. Олар бірден полицияға шағым түсірген. Тексере келе, кәмелет жасқа толмаған үш жасөспірім қызды бұталардың арасына апарып, оған жыныстық сипаттағы әрекеттер жасағаны белгілі болды.

Олар қызды шешіндірген, екеуі ұстап тұрған. Қыз айғайлап, қарсылық көрсеткенде оның шекесінен таспен ұрған. Қыздың жыныс мүшесін ұстап, қамыс арасына кіргізбек болған. Кейін үшеуі жыныс мүшелерін қыздың аузына салуға мәжбүрлеген. Олар болған жағдай туралы ешкім білмес үшін қызға бір қап ойыншық берген. Қыз барлығын атасына екі апта өткен соң айтып берді. Қыз бар болғаны 5 жаста, ал зәбір көрсеткен жасөспірімдердің жасы 8, 12 және 13-те, – делінген жазбада.

Полиция сараптама тағайындап, балалардан жауап алды. Олар өз кінәсін мойындады. Полиция қызметкерлері мемлекеттік заңгер мен мектептен психологты шақыртты. Жазба авторы жасөспірімдерге тәрбие бере алмаған ата-анасына айыппұл салып қана қоймай, сот алдында жауапқа тартылу керегін айтты. Сондай-ақ жәбірленуші қыз бен оның отбасына моральдық зиян келтіргені үшін өтемақы төлеуін талап етті. 

Белгілі психолог Серікгүл Сәли болған оқиғаға қатысты өз ойын айтты. Олар бесіктен белі шықпаған балалардың мұндай әрекетке баруына бірнеше себеп бар екенін айтты. 

Бірінші себебі ақпарат құралдары арқылы сексуалды сипаттағы эротикалық видеороликтер, әртүрлі әлеуметтік желілердегі сондай ақпараттарды, көріністерді балалардың оңай ашып көре алуында.

Көргеннен кейін соған деген бір құштарлықпен жасамайды. 12-13 жастағы баланың бойында құштарлық болмайды, – дейді психолог.

Оның сөзінше олар көргенін қайталап, қызық ретінде адамның сол сәтте қандай сезімге бөленетінін білгісі келетіндіктен жасайды.

Екіншіден, балалар мұндайға не себептен барады? Ондай видеоны көрудің өзі де балалардың тәрбиесіндегі сезімнің жетіспеушілігінен болады.

Ішінде сезім бар болып тәрбиеленбеген, сезіммен өспеген бала сексуалды сипаттағы әрекеттерді жасауға қызығушылығы оянып тұрады.

Сонда баланы өзінің жасынан бұрын эротикалық қадамдарға барудан баланы сақтап, қорғайтын нәрсе – баланы сезіммен тәрбиелеу, – деді Серікгүл Сәли.

Ол баланы “сезіммен тәрбиелеу” деген кітап оқыту, әңгімелесіп, сырласу, бауырмал етіп тәрбилеу екенін айтты.

Үшінші себебі, қазіргі ересек адамдар балалардың көзінше балағат сөздерді айтып, ашық ұрсыса беруінде. Бұл баланың көзінше жыныстық қатынасқа түсумен пара-пар нәрсе.

Сондықтан баланың бойында “ұят, болмайды” деген ұғым болмайды. Баланың көзінше жыныстық қатынас жайлы сөзді айтуға тыйым салынған. Қазір ересектер осыны ескермейді, – деді психолог.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Нәсімжан Оспанова жақында Қостанай облысында бес жасар қызға зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты пікір білдірді.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы бұл істің әрі толық зерттеліп бітпегенін айтты. Жәбірленуші де, айыпталушылар да тұрмысы нашар отбасыдан шыққан. 

“Баланың анасы біздің облыстық балалар омбудсменімен байланыста. Біз мәселенің шешудің амалын табуға тырысып жатырмыз. Өйткені бұл жағдай барлығының жағасын ұстатты. Сондықтан оның жағдайын түсінуіміз керек және бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Кәмелетке толмаған айыпталушылардың ата-анасына келер болсақ, олар сөзсіз әкімшілік кодекс аясында жауапкершілікке тартылады”, – деді Нәсімжан Оспанова.

8, 12,13 жастағы балалар қазір кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

“Ерекше бақылауды қажет ететін отбасыдан шыққан құқық бұзушылардың жасы кішкентай. Олар қазір қиын жағдайға тап болғандықтан олардың ата-анасына бағыт-бағдар беріп, өзідеріне де көмектесу керек. Шамадан тыс ішімдік ішетін отбасылар да бар. Қылмыс жасаған үш жасөспірім осындай отбасылардың бірінен шыққан. Қазір олар облыстағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында”, – деп мәлімдеді ведомство өкілі.

Оның айтуынша, балалардың жасаған қылмысын зерттеп, олардың өзімен жеке-жеке жұмыс істеу үшін оларды арнайы мектепке ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр.