$ 494.87  520.65  4.91

Шымкенттің индустриялық аймағындағы ірі өрт тұрғындардың денсаулығына қалай әсер етті?

Құтқарушылар өрт қауіпсіздігі бойынша бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Шымкентте "Ордабасы" индустриялық аймағында техникалық күкірт тұтанып, 10 адам зардап шекті. Зардап шеккен үш адам ауруханаға жатқызылды, олардың екеуі уланды, біреуінің денесінің 25 пайызын күйік шалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

27 шілде күні Шымкенттің Еңбекші ауданында өрт шығып, салдарынан жақын маңдағы үйлердің 300-ден астам тұрғыны эвакуацияланды. Қызыл жалын келесі күні таңертең ауыздықталды.

"KMG Supple Company" ЖШС аумағындағы ашық алаңда өнеркәсіптік газ және кесек күкірт өртенді. Өрт 1200 шаршы метрді шарпыды. Өрт кезінде Daewoo Jentra жолаушылар көлігі де жанып кеткен”, – деп мәлімдеді қалалық төтенше жағдай департаменті. 

Өрт салдарынан 10 адам (1 күйік, 9 улану) зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінді. Нәтижесінде дәрігерлер тексергеннен кейін 2 адам ауруханаға жатқызылып, 8 адам жағдайының қалыпқа келуіне байланысты үйіне қайтарылды.

“Өрт 28 шілде 00:36-да оқшауланды және 05:01-де жойылды. Өрт орнында Шымкент қаласы ТЖД жеке құрамы мен құралдары, апаттар медицина орталығы, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің, Түркістан облысы ТЖД, Қазселденқорғау, полиция департаментінің және жергілікті атқарушы орган күштері мен құралдары, "ҚТЖ "ҰК" АҚ , Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, медицина қызметкерлері жұмылдырылды”, – делінген хабарламада.

Өртті сөндіруге 150-ден астам адам, 40 техника, тіпті өрт сөндіру пойызы да жұмылдырылды. 

"Үш науқастың да жағдайы орташа ауыр, біреуін ауруханадан шығардық, алайда екі науқас әлі ауруханада, бірі күйік бөлімінде және бір әйел токсикология бөлімінде жатыр", – дейді Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.

Otyrar.kz жазуынша, Шымкент тұрғындары күкірттің ащы иісін сезгенін айтады. Сол күні экологтар ауадағы күкірт диоксиді рұқсат етілген концентрациядан 40 есе, көмірқышқыл газы 1,6 есе асып кеткенін анықтады. Өрт шыққан күні жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары эвакуацияланған, бірақ қазір үйлеріне оралды.

Бір күн бұрын экологтар ауаға бақылау өлшемдерін жүргізіп, көрсеткіштер қалыпты. Адам денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Индустриалды аймақ аумағындағы учаске кәсіпкерге 2021 жылы жалға берілген.

"Олар өрт қауіпсіздігінің барлық шараларын сақтау керек еді. Енді барлық шығынды өтеуі тиіс. Ал егер өтемесе, сотқа жүгінеміз", – дейді индустриялық аймақтың коммерциялық департаментінің директоры Мұқағали Шынарбаев.

Құтқарушылар өрт қауіпсіздігі бойынша бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Полицейлер "Экологиялық қауіпті химиялық немесе биологиялық заттармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ТЖМ #Шымкент