$ 494.87  520.65  4.91

Тәртіпке бағынған құл болмайды: Елімізге құқықтық идеология не үшін қажет

Президент айтқандай, біз заңға қайшы келетін, азаматтарды жік-жікке бөлетін, қоғамның тыныштығын бұзатын кез келген сөз бен әрекетті тоқтатып, қатаң жазалауымыз керек.

Фото: Pixabay.com
Фото: Pixabay.com

Күнделікті жаңалық беттері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа, ұрлық пен қарлыққа, одан әрі түрлі зиянды әдеттерге үйір болған адамдарың ессіз әрекеттері мен ойын құмарлардың көзсіз тәуекелдеріне толып кетті. Жоғарыда тізіп өткен мәселелермен заңның ең қатал баптары мен тармақтарын қолдана отырып күресуге болады. Алайда адамзатты дұрыс жолға қоя білу үшін оның сана-сезіміне де әсер ете алу керек. Еліміз заң мен тәртіпті ту етіп келеді. Осы тұста депутаттар «біріңді – қазақ, біріңді – дос көрмей», айналада болып жатқан іске бей-жай қарамай үйренген кезде ғана елде тыныштық орнайды деген пікірде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Соңғы 30 жылда заң мен тәртіпті күшейтуді қажет ететін мәселелер легі толассыз толығып отыр. Соның әсерінен заңның үстемдігін күшейту барлық жерде айтылып жүр. Әсіресе мәжіліс қабырғасында бұл жайт күннің басты тақырыбына айналғалы қашан. Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, құмар ойындарына тәуелділерге, жемқорлар мен нашақорларға қарсы тұратын заңдар талданып әрі қабылданып отыр.

Атап айтқанда жоғарыдағы мәселені көтеріп жүрген депутаттар ішінде «АМАНАТ» партиясы фракциясының мүшелері Никита Шаталов, Сергей Пономарев және Дәулет Мұқаев бар.

Өткен жылдың соңында олар Қазақстан Республикасы Үкіметіне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары еліміздің Бас прокуроры мен Ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдағанын барлығымыз білеміз.

Мәжілісмендердің айтуынша, бұл мәселелердің барлығының бір ғана шешімі бар. Ол ішкі саяси тұрақтылықтың негізі – еліміздегі заң пен тәртіптің диктатурасы.

«Біз Әділетте Қазақстан туралы өте жиі айтамыз. Ал әділдік жазадан қашып құтылу мүмкін емес жерде ғана орнайды. Кез келген қылмыс жазасыз қалмайтын елде ғана сау қоғам қалыптасады. Ұлттық құқықтық сананы қалыптастырмай, заң бұзуышылыққа төзбеуді бір жолға қоймай ешқандай мәселені шеше алмаймыз. Өйткені онсыз әлеуметтік прогресс пен экономикалық өсім болмайды. Азаматтарымыз өзін қауіпсіз әрі қалыпты сезінбей ешнәрсеге жетпейтініміз анық», - дейді «Аманаттықтар».

Бұдан бөлек тек мемлекетке ғана сенім артып отыру дұрыс емес. Депуттатарға заңның кез келген деңгейдегі ең қаталын шығару әрі қабылдау қиын емес. Сол үшін күнделікті кезігетін мәселелермен күресу қоғамның да міндетіне кіреді. Тәртіпке бағынған құл болмайды демекші барлығы заңмен жүретін және оны орындайтын азаматтардан басталады.

«Егер қазақстандықтарға қандай да бір идеология керек болса, ол – құқықтық тәртіп идеологиясы. Біздің жалпыға ортақ ынтымағымыз, азаматтық болмысымыз әркімнің саяси көзқарасына қарамастан осыған негізделуі керек. Мен ел тұрғындарын айналада болып жатқан жайттарға бей-жай қарамауға шақырамын. Бұндай әрекет біздің ұлттық идеологиямызға айналуы тиіс. Егер зорлық-зомбылық көрсеңіз саналы азамат ретінде әрекет етіңіз. Кез келген ұсақ заңбұзушылықтың соңы ерте ме, кеш пе жантүршігерлік қылмысқа апаратынын естен шығармайық», - дейді халық қалаулылары.

Олардың пікірінше, құқықтық нигилизм мен экстремистік идеяларды ұстану қоғамның күйреуіне әкеледі. Егер адам дер кезінде лайықты жазасын алмаса күндердің күнінде одан да зорына барады. Осылай барлығы кішкентай қадамдардан басталады.

«Президент айтқандай, біз заңға қайшы келетін, азаматтарды жік-жікке бөлетін, қоғамның тыныштығын бұзатын кез келген сөз бен әрекетті тоқтатып, қатаң жазалауымыз керек. Заң мен моральдық қағидаларды бұзатындар күндердің күнінде мемлекет пен қоғамға қарсы шығады. Біздің ең жоғары азаматтық құндылығымыз - қорғалған өмір, бүтін мүлік және сақталған тәртіп», - деп атап өтті «АМАНАТ» партиясы фракциясының мүшелері.

Десе де елімізде қамқор азаматтардың қатары да баршылық. Ол азаматтар елде кездесетін мәселін ашық айтып, көрсетіп жүр. Айтып қана қоймай олардың жүйелі шешімін көрсетуде. Өйткені олар әділетсіздікке төзуден шаршағандар.

«Біз өзіміз өмір сүргіміз келетін мемлекетті өзіміз қалыптастырамыз. Ал мемлекет құқықбұзушылықтың алдын алу үшін барлық шараны қабылдайды. Бірақ барлығымыз бір жағадан бас шығармай, заң мен тәртіптің идеологиясын қалыптастырмай белгілі бір нәтижеге жету қиын. Азаматтар Әділетті Қазақстанның басты жасақтаушылары. Өзіміз кіріспей Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес», - деп қорытындылады депутаттар.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы «Аманаттықтардың» бастамаларын толық қолдап отыр. Депутаттардың сөзіне пікір білдірген басқарма басшысы Берік Асылов құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздік пен құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқандарын жеткізді. Мұның ішінде адам көп жиналатын жерде тәртіп сақшыларының да көптеп тартылатыны кіреді.

«Қалалар мен басқа да елдімекендердегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тыныштықты сақтау үшін күн сайын 14,5 мыңға жуық полиция қызметкері еңбектенеді. Оның ішінде 6,9 мыңнан астам патрульдік полиция қызметкері және 4,6 мың Ұлттық ұлан әскері бар», - деп түсіндірді Бас прокурор Берік Асылов.

Асыловтың түсіндіруінше, қадағалау органдары азаматтар мен бизнестің құқықтарын тиімді қорғайды. Бұл ретте прокурорлардың басты мақсаты – заң бұзушылықтарды анықтау емес, өзара іс-қимыл және диалог арқылы мәселелерді шешу. Мәселен, олар салық өкімдерін шығару тәжірибесін зерттеп, жеке кәсіпкерлерге, мүгедектерге, тіпті қайтыс болғандарға да берілген заң бұзушылықтарды анықтады. Өз кезегінде бұл 21 мың қаулының күшін жоюды және 13 мың атқарушылық өндірісті тоқтатуды талап еткен.

«Өткен жылдың наурыз айында Мемлекеттік кірістер комитеті өзінің деректер базасын (Бірыңғай салықтық ақпараттық жүйе) жаңартты, енді мұндай фактілер болмайды. Бұйрықтар тек жеке тұлғаларға қатысты шығарылады, оларды беру тәжірибесі автоматтандырылған және қателіктер жібермейді», - деп атап өтті Берік Асылов.

Оның айтуынша, әр өңірде мобильді бизнесті қорғау топтары тәулік бойы жұмыс істейді. Өткен жылы 1,5 мыңға жуық кәсіпкер олардың көмегіне жүгінген. Сондай-ақ олардың әрбір бесіншісі расталған. Қадағалау органдары бес министрліктің 5 мыңға жуық заңсыз жоспарланған тексерістерді жоюын қамтамасыз етті.

Бас Прокурор сондай-ақ ел тұрғындарының 40 пайызға жуығы ауылдарда тұратындықтан үлескерлер, жайылымдық жерлер мен жер бөлу мәселелеріне ерекше назар аударылатынын атап өтті.

«Прокурорлар жүргізген жүйелі жұмыс барысында соңғы төрт жылда республика бойынша 27,8 миллион гектардан 60 мың бос тұрған және заңсыз бөлінген жер учаскелері анықталып, оның 15,7 миллион гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, 546 мың гектар жер үлескерлерге қайтарылған», - деді Берік Асылов.

Қорытындылай келе, ол қадағалау органдарының жұмысы мұнымен шектелмейтінін айта кетті. Берік Асыловтың айтуынша, прокурорлар денсаулық сақтау, мүгедектердің құқықтарын қорғау, құрылыс, жұмыспен қамту және еңбек, тарифтерді белгілеу, табиғатты қорғау, жер қойнауын пайдалану және т.б. салаларда оң нәтиже көрсетіп жүр. Бұдан бөлек Үкіметке заң бұзушылықтарды жою туралы алты ұсыныс, түрлі мәселелер бойынша Президентке 16 ақпарат жолданған. Яғни, заң мен тәртіптің сақшылары өз жұмыстарын толық атқарып, қоғамды жақсартуға сүбелі үлес қосуда. Ал қалғаны ел азаматтарының қолында. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары