Бүлдіршіннің ата-анасы қазақтың дәстүрі бойынша алғыс ретінде Динге сыйлық берді.
Астанада Қытайдың әйгілі шахматшысы, 17-ші әлем чемпионы Дин Лижэнь жас қазақстандық бүлдіршіннің тұсауын кесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шахматшы баланың тұсауын кесіп, сәбиді әкесі мен бірге екі қолынан ұстап, ақ жолмен жүргізді. Рәсім соңында 31 жасар Дин Лижень сәбиге ақ тілегін айтты.
"Бүгін мен үлкен құрметке ие болдым – осынау маңызды символдық рәсімге қатыстым. Бұл мұндай рәсімдерге алғаш рет қатысуым. Қандай жолды таңдаса да, сәбидің өмірі бақытты, жолы ашық болады деген үміттемін", - деп тіледі чемпион.
Ақ жолмен тәй-тәй басқан жас қазақстандық түрлі кәсіпті бейнелейтін заттардың ішінен ақ уәзірді таңдады. Бүлдіршіннің ата-анасы қазақтың дәстүрі бойынша алғыс ретінде Динге сый-сыяпат жасады.