05.08.2024, 18:00

Головкин ХОК Olympism365 комиссиясының мүшесі болып тағайындалды

Фото: Olympic.kz

Айта кетелік, аталған Комиссия құрамындағы Геннадий Головкиннің алғашқы ресми отырысы биылғы жылдың қарашасында Лозаннада (Швейцария) өтеді. 

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиада комитеті Olympism365 Комиссиясының төрайымы Аувита Рапилла және Olympism365 бойынша ХОК директоры Олли Дадфилдпен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Аталған кездесу Париждегі (Франция) 2024 жылғы Олимпиада ойындары аясында өтті. Сондай-ақ, жиынға Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева, ХОК комиссиясының мүшесі, Зимбабве ҰОК президенті Табани Гонье және ХОК өкілдері Айя Медани мен Шамиль Тарпищев қатысты. 

Кездесудегі басты тақырып Olympism365 Комиссиясының тікелей қызметі жөнінде өрбіді. Аувита Рапилла Комиссияның ең басты міндеті -  тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі маңызды фактор ретінде спорттың рөлін күшейтуге бағытталғанын кеңінен әңгімеледі. 

"Аувита Рапилла Геннадий Головкинді Olympism 365 Комиссиясының мүшесі ретінде тағайындалуымен құттықтап, оған Қазақстан ҰОК президенті қызметінде сәттілік тіледі. 

Геннадий Головкин  өз кезегінде ХОК президенті Томас Бах пен Olympism 365 Комиссиясының төрайымы Аувита Рапиллаға сенім артып, қолдау көрсеткені үшін алғысын жеткізді", - делінген хабарламада.