05.08.2024, 18:20

«Нағыз үлгі тұтарлық тұлға»: Атышулы Иман Хелифтің әкесі қызының туу туралы куәлігін көрсетті

Коллаж: Sn.kz

Құжатта Иман Хелифтің 1999 жылғы 2 мамырда дүниеге келгені және оның қыз екені жазылған.

Париж Олимпиадасынан кейін әлемге танымал болған боксшы Иман Хелифтің әкесі Амар Хелиф спортшының қыз екенін дәлелдеу үшін оның құжаттары мен бала күнгі суреттерін көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Daily Mail басылымының жазуынша,  боксшының әкесі көрсеткен туу туралы куәлікте Иман Хелиф 1999 жылғы 2 мамырда дүниеге келгені және оның қыз екені жазылған.

«Оған айтылған сөздер ақылға қонбайды. Бұл әділетсіз. Иман 6 жасынан бастап спортты жақсы көретін, футбол ойнап өскен кішкентай қыз бала. Бұл сынның бәрі Иманды жолдан тайдыру үшін, оның Олимпиада чемпионы атануына кедергі келтіру үшін айтылып жатыр. Бірақ ол шаршы алаңда бәрінің қателескенін дәлелдейді, Алжир мен барлық араб елдерін алтын медалі арқылы танытады деп үміттенемін. Ол біз үшін нағыз үлгі тұтарлық тұлға», - деді Амар Хелиф.

Еске салсақ,  бұған дейін италиялық боксшы Анджела Карини алжирлік Иман Хелифпен жекпе-жектен кейін Олимпиадаға қатысудан бас тартқаны туралы жазған болатынбыз.