06.08.2024, 02:30

Париж Олимпиадасында қай ел көш бастап келеді?

Фото: kovop/Shutterstock

Қазақстан спортшылары әзірге 29-орынды қанағат тұтуда.

Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында жалпы медальдар кестесінде Қытай құрамасы көш бастап келеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Нақтырақ айтсақ, дәл қазіргі медальдар кестесі бойынша қытайлықтар бүгін АҚШ-ты басып озып, жалпы есепте көш басына шықты. Олардың еншісінде 21 алтын, 17 күміс, 14 қола медаль бар.

Ал бүгін АҚШ құрамасының Қытайдан 3 алтыны кем. Олардың еншісінде 19 алтын, 29 күміс, 27 қола медаль бар.

Үздік үштікті әзірге Австралия құрамасы түйіндеп тұр. Оларда 13 алтын, 11 күміс, 8 қола медаль бар.

Париж Олимпиадасында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған Қазақстан спортшылары әзірге 29-орынды қанағат тұтуда.

Бүгін Париж Олимпиадасында 3 мемлекеттің қоржынына алғашқы жүлделері түсті. Осылайша медаль алған елдер саны 64-ге жетті.

Естеріңізге сала кетсек, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысып жатыр. Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.