Балалардың білім, тәрбие және уақтылы медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары бұзылған.
Маңғыстау облысында 5 заңсыз қызмет көрсеткен діни пансионат анықталды. Прокуратура хабарлауынша, олар Мұнайлы ауданында, Жаңаөзен қаласында, Қарақия және Түпқараған аудандарында жұмыс істеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Іс жүзінде мекемелердің қызметі олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келді. Барлық мекеме бойынша тәрбиеленушілердің діни әдебиеттерді пайдаланғаны және басқа да заңдылықты бұзушылық фактілері анықталды. Бұл ретте, қайырымдылық мекемелерінің білім беру қызметімен айналысуға лицензиялары болмаған», - деп хабарлады өңір прокуратурасы.
Осылайша балалардың білім, тәрбие және уақтылы медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары бұзылған.
Тексеру нәтижесінде еңбек, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт сөндіру заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін пансионаттар басшылығына қатысты 11 әкімшілік хаттама толтырылып, 1,3 млн теңге айыппұл салынды.
Балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн олардың заңды өкiлдерi (ата-аналары) де әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылды.
Сотпен барлық аталған пансионаттың тіркеу күші жойылып, қызметтері тоқтатылды.