$ 498.34  519.72  4.85

Депутат: Қазақ боксшылары қарсыластарынан емес, әділетсіз төрешілерден жеңіліп жатыр

Боксшыларымызды “Алланың қалауы” деп төрешілердің талауына тастап қоя берсек, оларды кім қорғайды!? 

Коллаж: Sn.kz
Коллаж: Sn.kz

Париж Олимпиадасы ең әділетсіз төрешілік бойынша есте қалатын болды. Бұл туралы депутат Қазыбек Иса пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның пайымдауынша, Олимпиададағы әділетсіздік пен жемқорлық қазақ боксына жаудай тиюде. Бұл ретте, Қазыбек Исаның қазақ боксы, спорттағы қиянат, төрешілердің әділетсіздігі туралы пікірін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

"Қазақ боксшылары қарсыластарынан емес, әділетсіз төрешілерден жеңілуде. Боксшыларымызды “Алланың қалауы” деп төрешілердің талауына тастап қоя берсек, оларды кім қорғайды!? Алла “сақтансаң сақтаймын” деген. Әрекет еткенге ғана берекет береді.

Париж Олимпиадасы ең әділетсіз төрешілікпен есте қалатын болды.

Париж Олимпиадасының бокс жеребесі Өзбекстан үшін тартылған жеребе секілді. Иә, өте дұрыс айтады, қазақ боксының  №1 жанашыры Әбдімәжит Сыздықбек ағамыз. Әбекең кезінде Головкинге арнайы қазақ шапанын тіктіріп, Монакоға апарып кигізген, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 15 томдығына демеуші болған меценат, кәсіпкер. Париждегі әділетсіздіктерге шыдамаған Әбекең өз ой-пікірлерін, құнды ұсыныстарын  айтып, аудио жіберіпті.

Өзбек боксшыларын қазақ боксшыларымен және мықты боксшылармен жартылай финалға дейін кездестірмеудің және олардың әр қарсыласының әлсіз болуын жақсы қамтамасыз еткен. Мысалы,  Олимпиада чемпионы Хасанбай Досматовтың қарсыласы Порте-Риконың 18 жасар бозөкпе боксшы баласы Лопес және тб сол сияқтылар екенін Әбекең әдемі дәлелдеп беріпті. Негізі Әбекең бұл пікірлерін жазбаша не бейнебаян түрінде бергені дұрыс болар еді.

Осындай оңтайлы жеребеге өзбек бокшыларына тапсырылған “актерлік жасауды” қосыңыз. Мысалы, біздің Сәкен Бибосыновтан 2:1 есебімен жеңіліп тұрған өзбек Хасанбай Досматовқа Өзбекстанның бас бапкері Клычевтың “актерлік қылың” деп айқайлағанын бүкіл әлем естіп, баспасөзде жазылып жатты.

Жеңісін естігенде Хасанбайдың аспанға секіріп, шыңғырғанынан-ақ алдын ала жоғарыдан келісім жасалған жоспар бойынша өзбек боксшысының “актерлігі” іске асқанына қуанғанын көрсетіп берді.

Қысқаша айтқанда, Қазақ боксшыларының құлап қалмаған қарсыластарына “жеңіс” тартып әперілуде. Соның арқасында өзбектің 5 боксшысы ширек финалға жетті.

Бізде 2000 жылы Сиднейде, бокстан Бекзат пен Ермахан алтын алып, екі чемпион шыққан, Мұхтархан мен  Болат Жұмәділов күміс алған Олимпиадада  қазақ боксшыларының 7-еуі бірдей ширек финалға шыққан еді! Бұл әлемді қызықтырған жарқын жетістік еді!

Биыл Парижде барлық жағдай жасалған Өзбекстан бокшыларының 5-еуі ширек финалға өткенін айттық. Бірақ Сиднейдегі қазақ боксшыларының  жетеуі бірдей ширек финалға шыққан жетістігіне жете алған жоқ.

Ол Бокс державасы атанған дәуреніміз көзден бал-бұл ұшты кейінгі жылдары... Бұған  төрешілердің әділетсіздігі де кесірін тигізіп келе жатқаны рас. Дегенмен, әріптесім, белгілі спорт қайраткері Данияр Қасқарау бауырым айтпақшы, ең бастысы спортшыда ұлттық рух, намыс, мінез болмаса, қанша жағдай жасасаң да бәрі бекер!

Бейжің Олимпиадасының баһадүрі Бақыт Сәрсекбаев та барын ақтарып салды. Боксшыларымыздың дайындығына күмән келтірді.

Иә, ең бастысы ұлттық рух пен қайсарлық, темірдей төзім. Ұлттық рухы, қазақтық қаны  қайнаған,  жанарында от ойнаған, жүрегі атойлаған  жалынды баһадүрлер болмай, Жеңіс жоқ!

Бекзат Саттархан бауырымыз биязы, ибалы, иманжүзді болғанмен, қазақтың қайсары еді! Сол қайсарлық, қайнаған қазақы қан, ойнаған жанардағы от, ұлттық рух пен намыс Бекзатты Олимп биігіне шығарып, Қазақтың бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қазақ Олимпиада чемпионы етті  20 жасында. Ол сол биікте қалықтап жүріп,  аспанға ұшып кетіп қалды. Жеңістен пейішке! Пейіште рухы шалқи бергей!

Бұл олимпиададағы әділетсіздіктер туралы белгілі журналист Бақтияр Тайжан бауырым да барлығын айтты, батырып айтты! Әйгілі спорт қайраткерлері Қаркен Ахметов, Аманша Ақпаев, Бекет Махмұдов, Темірхан Досмұқамедов, Әбдісалан Нұрмаханов секілді білікті басшылар мен бапкерлер туралы жақсы келтірді.

Қазақ спортының жайсаң тележурналисті, марқұм Амангелді Сейітханның Бекет Махмұдовтың беделінің әлем боксында жоғары болғанын тамаша келтіріп жазған естелігін жариялап жатты жанкүйерлер әлеуметтік желіде. Иә, Олимпиададағы әділетсіздік пен жемқорлық Қазақ боксына жаудай тиюде! Қазақ боксшылары қарсыластарымен емес, төрешілерден жеңілуде деуге болады. Бұған Махмұд Сабырханның төрешілер шешіміне қолын бір сілтегенін, Айбек Оралбай мен Мұхамедсабырға да әділетсіздік жасалғанын әлем көрді. Асланбек пен Қамшыбек те жеңілді төрешілер шешімімен.

Мұхамедсабырға жасалған қиянатқа қарсылық жасап,  Халықаралық Олимпиадалық комитетке төрешілер үстінен арыз түсірді. Париж Олимпиадасы ең әділетсіз төрешілікпен есте қалатын болды.

Көптеген  баспасөз құралдарының  хабарлауынша,  еркек не әйел екені белгісіз алжирлік боксшыға байланысты да дау өршіп тұр. Ең бастысы, спортшыларымызды халықтың қолдауы кем болып жатқан жоқ. Бірақ менің қорқатыным – қазақ боксшыларын қаралап отырған кейбір блогерлеріміз біздің боксшылар жеңілсе, қуанатын секілді… “әне айтқаным келді ғой” деу үшін ғана.

Аманшадай ақылман, Бекеттей беткеұстарлар болмай, ақымыз кеткені кеткен болып тұр ғой!

Боксшыларымызды “Алланың қалауы” деп, төрешілердің талауына тастап қоя берсек, кім қорғайды оларды!? Алла “сақтансаң сақтаймын” деген, әрекет еткенге ғана берекет береді.

Мұхамедсабырға дейін-ақ, қанша боксшымызға әділетсіздік жасайды екен деп күтіп отырмай, алғашқы кезде-ақ қарсылық жасау керек еді Қазақстанның Олимпиадалық комитеті, Спорт министрлігі?!

Негізі, бокс қана емес, жалпы спорт саласына шұғыл күрделі реформа керек!

Иә, Елдос Сметов ерледі! Елдос Сметов – қазақтың дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы! Тұңғыш әлем  чемпионы да Елдос болған еді 2015 жылы! Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Елдосқа телефон шалып, Олимп шыңын бағындыруымен құттықтады! Елдостың ерлігі – елдің алтыны! Елдостың көз жасы – Ерліктің көз жасы!” деп біз де мақала жазып, қуана құттықтадық!

Нариман нар екендігін көрсетіп, гимнастикадан күміс жүлдені алған тұңғыш Қазақ ретінде тарихи жеңіске жетті. Ғұсман Қырғызбаев қола медальға қол жеткізді.

Мергендеріміз, пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден қола медалға ие болған Ислам Сәтпаев пен Александра Лені де құттықтадық!

Қазір Назым қызымыз да  нағыз жасындай жарқылдаған күйінде!

Нұрбек Оралбай финалға шыққан жалғыз боксшымыз. Оның енді алтын үшін ақтық сында айқасатын қарсыласы Украин боксшысы Хижняк азулы жыртқыштардың бірі. Айқас оңай болмайын деп тұр. Амал-айласы асқан жеңеді бұл тартыста. Сонымен бірге саясат та ойнап кетуі мүмкін. Ресей басқыншылығына қарсы соғысып жатқан Украинаны қолдау үшін тең  жағдайда украиндық боксшыны қолдап жіберуін де жоққа шығаруға болмайды… Мұндай саяси қолдау баяғыда 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында капиталистік елдердің бойкот жариялағанына қарамай жалғыз өзі келіп, финалда біздің Серік Қонақбаевпен айқасып, чемпион болған  Италия боксшысы Патрицио Оливаға қолданылған. Сондықтан Нұрбекке  айқын басымдықпен ұтуы керек.

Ел үміт күтіп отырған боксшыларымыз Нұрбек пен Назым алтын алса, Қазақстанның осы олжасы аз болмайын деп тұр.

Алла соған жеткізсін!", – деп жазды Қазыбек Иса әлеуметтік желідегі парақшасында.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары