07.08.2024, 23:30

Назым Қызайбайдың ауласына асфальт төселіп жатқаны рас па: әкімдік өкілдері жауап берді

Фото: видеодан кадр

Олимпиаданың қола жүлдегері Назым Қызайбайды күтіп алуға дайындалып жатырмыз.

Әлеуметтік желіде "Назым Қызайбайдың үйінің алдына асфальт төсеп жатырмыз" деген жұмысшылардың видеосы тарады. Видеода жол жөндеп жүргендер Париж Олимпиадасының қола жүлдегерін күтіп алуға дайындалып жатқанын айтты. Бұл видеоға Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Асфальт төсеп жатқан жұмысшылардың видеосы Instagram желісінде тарап кетті. Бейнежазба авторы Назым Қызайбайдың үйінің алдында жол жөндеп жатқандарын жеткізген, деп жазады kaz.nur.kz.

"Олимпиаданың қола жүлдегері Назым Қызайбайды күтіп алуға дайындалып жатырмыз. Соның есік алдына асфальт салғалы жатырмыз. Жол жиегін ауыстырып, Назым келгенше жаңалап қоямыз. Қолдап кетіңіздер", - дейді видео авторы. 

Алайда Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова аталған ақпаратты жоққа шығарды.

"Назым Қызайбай Қарасай ауданында тұрады. Алайда ешқандай жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ", - деді ол.