$ 494.87  520.65  4.91

«Ерте тұр, шәй қой» деген талап жоқ»: Түрік ауылына келін боп түскен қазақ қызы өмірінен сыр шертті

Мұнда жас отбасы үйленгеннен кейін міндетті түрде бөлек шығады. Ата-енемен тұру деген жоқ.

Фото: Гиземнің жеке архивінен
Фото: Гиземнің жеке архивінен

Желіде Түркияға келін болып түскен қазақ қызының видеолары көпшілікті таңдандыруда. 28 жастағы павлодарлық Батиха Шайхитдинова түріктердің Gökkiriş ауылының келіні атанған. Оқуын бітірген соң Түркияға табыс табамын деп кеткен ару түрікке тұрмысқа шығамын деп ойламағанын жасырмады. Екі ел арасын құдаластырған аруға ол жақта Гизем деген есім берілген екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Батиха Павлодар қаласындағы бизнес колледжді программист мамандығына бітірген. Ал Түркияға бару туралы бұл кездерде мүлде ойламаған екен. 

“Колледж бітірген кезде мейрамханада әкімшілік қызметте жұмыс істеп жүрдім. Алайда демалыссыз жұмыстан қатты шаршайтынмын. Кейін желіден Түркияға маусымдық жұмысқа қонақ үйге қызметкерлер іздеп жатқаны туралы хабарландыруды көрдім. “Ұрлап әкете ме, қандай жер болады” деген түрлі қорқыныштар болғанын жасырмаймын. Сонда да жазылып көрдім. Кейін өзім секілді жұмысқа бармақ болған бір топ қазақстандықтарды көргенде көңілім орнына түсті. Бәрімен танысып араласып кеттік”, – деді Батиха.

Гизем түрік отбасына келін болу қандай екенін айтып берді. Сөзінше біздегідей келіндік қызметке бұл жақта аса қатал қарамайды екен. 

“Ата-енем өте жақсы адамдар. Тіпті бірге тұрып бастағанымызда да қыздарындай қарады. Білмеймін неге екенін олардың жанында өзімді жат сезінген жоқпын. Бірден өзімнің ата-анам сияқты болып кетті. Тіпті ата-енемді ата-анама қатты ұқсатамын. Жат сезінбедім, жақсы қабылдады. Мен мұнда шынымен келін емес, қыздары сияқты сезінемін. Өзім ұйқым қанғанда сағат 10-11 де тұрамын. “Ерте тұр шәй қой” деген талап жоқ. Кейде енем таңертең тұрып бауырсақ пісірген кезде иісінен оянамын. Бірге шәй ішіп, кино қараймыз. Бәрін бірге жасаймыз, үй тірлігін істеуге енем көмектеседі. Сен келінсің істе деген мұнда жоқ. Көбінесе бәрін енемнің өзі жасап береді”, – деп қосты ол. 

Гизем түрік отбасының тағы бір ерекше ұстанымын алға тартты. Айтуынша мұнда тіпті отбасындағы жалғыз ұл болса да, үйленгеннен соң ата-анасы міндетті түрде бөлек шығарады екен. 

“Біз Айдын қаласында бөлек тұрамыз. Мұнда жас отбасы үйленгеннен кейін міндетті түрде бөлек шығады. Ата-енемен тұру деген жоқ. Тіпті кіші баласы болса да бөлек шығарады. Тек анасы немесе әкесі жалғыз болған, қиын жағдайларда ғана бірге тұрып қалуы мүмкін. Тіпті бір ауылда тұрса да бөлек шығарады. Ата-енесі күнде келіп көмектесуді сұраса ғана келіндері барып көмектесіп жатады. Мен ауылға барғанда демалысқа келгендей болып жүремін. Дегенмен барынша көмектесуге де тырысамын”, – деді Гизем.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 36
Ұнамайды 11
Күлкілі 5
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары